Accessibility links

Нұр-Сұлтанда Азаттық тілшілерінің көлігінің терезесін шағып, алдын жапты


Азаттық операторы Ержан Әмірханның көлігінің шағылған терезесі. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырға қараған түні Азаттықтың Нұр-Сұлтан бюросының операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін әлдекімдер шағып кетті. Әмірханов бұл туралы таңертең білген. Азаттық тілшісі өзімен қатар тұрған тағы бір көліктің терезесі сынғанын көргенімен, оның иесі оқиға орнына полиция жеткен соң да келмеген.

Әмірханов көлігінен тіркеу құрылғысы ұрланғанын айтады.

Полиция көліктен саусақ іздерін алып, арыз жаздырған соң Азаттық операторын полиция бөлімшесіне апарған. Бөлімшеде тілшінің де саусақ іздерін алған. Полиция мұны "ұрылардың саусақ іздерімен көлік иесінің іздері шатысып кетпесі үшін алынады" деп түсіндірген.

1 мамырда Азаттықтың нұр-сұлтандық тағы бір операторының көлігіне де кедергі жасалды. Қазақстан халқының бірлігі күні елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан жиынды түсіруге барған Тимур Айтмұханбетовтің тұрақта тұрған мәшинесінің алдына әлдекімдер автокөлік қойып, жолын жауып кеткен.

Журналистің айтуынша, жолын бөгеген көлік иесі маңайдан табылмаған. Ол "Жан-жағымда қанша орын бос тұрса да, тап менің көлігім шыға алмайтындай етіп қойып кеткен. Екі жағымда тұрған екі машина шығып кете алады да, тек мен шығып кете алмаймын" дейді.

Қызыл түсті көлік Азаттық тілшісі Тимур Айтмұханбеттің көлігінің алдын бөгеп тұр. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл
Қызыл түсті көлік Азаттық тілшісі Тимур Айтмұханбеттің көлігінің алдын бөгеп тұр. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл

Бүгін Қазақстан халық бірлігі күні тойлап жатыр. Нұр-Сұлтандағы шараға - Қазақстанның экс-президенті Назарбаев, Алматыдағы концертке президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Екі алаңға да полиция адамдарды тексеріп кіргізді.

2019 жылдың басынан бері Қазақстанда Азаттық тілшілерін полиция бірнеше рет ұстап, кейбірінің үстінен іс қозғап, айыппұл салған.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир, "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Қазақстан билігін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен өзге де әлеуметтік мәселелерді жазатын журналистер мен блогерлерді қудаламауға шақырды.

ЕҚЫҰ өкілі "әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG