Accessibility links

Бес күнге қамалған Нұр-Сұлтан тұрғыны тағы бір баппен он күнге қамалды


Сот өтінішін қанағаттандырмаған соң Әлімжан Ізбасаров аштық жариялайтынын айтып, сот залының еденіне отырып алды. Нұр-Сұлтан, 4 мамыр 2019 жыл.

4 мамырда Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 1 мамыр күні наразылыққа шыққан Әлімжан Ізбасаровты он тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Ізбасаров дәл осы наразылық шарасына байланысты бұған дейін "667-бап бойынша" ("құқық қорғау орган өкіліне бағынбау") әкімшілік жазаға тартылып, бес күнге қамалған еді. Енді оған он күн қосылып, жауапкер қамауда барлығы 15 күн отырады. Он күн оған "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 1-ші бөлімі ) үшін беріліп отыр.

Сот процесіне қатысқан Азаттық тілшісінің айтуынша, Ізбасаров пен оның адвокаты Асхат Оразаев 4 мамырда "судьяны ауыстыру" туралы екі рет өтініш берген. Екі өтініші де қанағаттандырылмаған. Басында Ізбасаров адвокаты келгенге дейін сот процесін сәл шегеруді сұраған. Судья Архабаева оның өтінішін орындамаған. Бұдан соң жауапкер судьяға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыру туралы өтініш түсірген.

"Ол аштық жариялайтынын айтып, жерге отырып алды" дейді Азаттық тілшісі. Кейінірек адвокат Асхат Оразаев сот процесіне келген.

Ал екінші жағдайда оның адвокаты Оразаев "айғақ ретінде көрсетілген видеоны сараптауға мүмкіндік бермеген соң" судья Архабаеваны "ауыстыру туралы" тағы өтініш жасады. Ол өтініші де қанағаттандырылмады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Ізбасаровтың сотына көп адам жиналған. Бұған дейін сот процесіне кіре алмағанына наразы болған азаматтар соттың "күзет шебін" бұзып, ғимараттың екінші қабатына көтеріліп, процеске кірген еді. Істе прокурор болған Айгүл Құсайынова басында жауапкерге үш күн сұрап, кейінірек пікірін өзгертіп, он күн сұраған. Судья Архабаева кешкі сағат онға таман шешім шығарып, Ізбасаровты он күнге қамады.

4 мамырда Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 1 мамыр күні наразылыққа шыққан Расул Досқараев, Жанар Аманғалиева және Асхат Смағұлов, Серік Асқаровты он тәулікке қамап, тағы бір жауапкер Кәмила Бағжановаға 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге) көлемінде айыппұл салған.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы әзірге белгісіз.

Ұсталғандардың үстінен қозғалған әкімшілік істер әлі жалғасып жатыр. Азаттық тілшілері қазірге дейін 10-нан астам адамның жазаланғанын анықтады.

Оқи отырыңыз: Наразылықтан кейін қанша адам жазаланды?​
  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG