12 мамырда Астана апелляциялық соты "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш пен оның адвокаты Айман Омарованың шағымын қанағаттандырудан бас тартты.
Апелляциялық сот тергеу сотының Біләшті 10 маусымға дейін үйқамақта қалдыру туралы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшке "араздық қоздыру" бабы бойынша (174-бап, 2-бөлімі) айып тағылған.
12 мамырда өзі шығарған қаулының мәнін түсіндірген судья Бақытжан Тоғанбаев тергеу амалдары жалғасып жатқанын айтып, сараптаманың толық аяқталмағанын жеткізді. Ол осы қаулыға байланысты тергеу сотының шешімі бірден күшіне енетінін, бүгінгі сот қаулысын жоғарғы инстанцияларда шағымдануға болмайтынын да ескертті.
Бүгінгі сот отырысына видеоконференция арқылы Алматыдан қосылған Біләштің адвокаты Айман Омарова алғашқы инстанцияда соттың Біләшті Нұр-Сұлтаннан Алматыға ауыстыру туралы өтінішін негізсіз және заңсыз түрде қанағаттандырмай тастағанын айтты. Ол Біләштің тергеу амалдарына кедергі келтірмей отырғанын тілге тиек етіп, Алматыда әйелі мен екі кішкентай баласы қалғанын да жеткізді. Адвокат сонымен бірге алғашқы инстанциядағы соттың Біләшті кепілмен босату туралы өтінішін де жоққа шығарғанына шағымданды.
Ал прокурор Ерназаров алғашқы инстанциядағы сот шешімінің Қылмыстық-процессуалдық кодекс аясында қабылданғанын айтып, апелляциялық соттан шешімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Бүгінгі сот процесіне Серікжан Біләшті қолдайтын ондаған азамат келіп қатысты. Сот отырысының ашық болғанына қарамастан әуел баста сот залына келгендердің тек бір бөлігі ғана кіргізілді. Алайда адвокат Айман Омарова бұған қарсылық танытқаннан кейін ғана судья азаматтардың бәрінің сот залына кіруіне рұқсат берді.
Алғашқы инстанциядағы сот отырысында Біләш өзін Алматыдан астанаға алып келгеннен кейін өзіне қысым көрсетілгенін, Мұхтар Әблязовке қарсы шығып, Айман Омарованың қызметінен бас тартқызуға мәжбүрлегенін айтқан еді. Біләш тергеу органдарына "ыңғайлы" жауапты беруге мәжбүр болғанын айтып, істің саяси астары барын жеткізген еді.
Апелляциялық сот отырысы өткеннен кейін адвокат Айман Омарова Азаттық тілшісіне бүгінгі сот қаулысы Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 146-бабына қарама қайшы екенін айтты. Онда адамдарды үйқамаққа алу тұрғылықты мекен-жайы бойынша жүзеге асырылатыны көрсетілген.
2019 жылы 10 наурыз түнде Серікжан Біләшті Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде жатқан жерінен полиция өкілдері ұстап, Нұр-Сұлтанға алып кеткен. Дәл сол күні "Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы кеңсесін полиция тінтіп, жауып тастады (2 сәуірде қайта ашылды). Кейін Біләштің үстінен бір адамның "Ұлт араздықты қоздырды" деп арыз жазғанын, сол арыздың негізінде ұсталғаны анықталды. 11 наурыз күні сот Біләшті екі айға үй қамаққа алу туралы шешім шығарды.
"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген.
ПІКІРЛЕР