Accessibility links

Алматы соты митингіге шығып, айыппұлға кесілген жалғызілікті ананың шағымын қанағаттандырмады


Жалғызілікті ана Тұрсынкүл Жоланова (ортада) Алматы қалалық сотының судьясы Сейілхан Ташболатовтың сұрақтарына жауап беріп тұр. Алматы, 14 мамыр 2019 жыл.
Жалғызілікті ана Тұрсынкүл Жоланова (ортада) Алматы қалалық сотының судьясы Сейілхан Ташболатовтың сұрақтарына жауап беріп тұр. Алматы, 14 мамыр 2019 жыл.

14 мамырда Алматы қалалық соты 1 мамырдағы наразылық кезінде ұсталып, 20 АЕК (50 500 теңге) мөлшеріндегі айыппұлға кесілген жалғызілікті ана Тұрсынкүл Жоланованың аудандық сот шешімінің үстінен түсірген апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Судья Сейілхан Ташболатов ауданаралық әкімшілік соттың Жоланованы "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп, айыппұлға кескен шешімін заңды деп таныды.

Күндізгі 11.30-ға жоспарланған сот отырысы екі жарым сағатқа кешігіп басталды. Судья Ташболатов Жоланованы "Алдымен БАҚ-қа жүгінбей, неге митингіге неге шықтыңыз? Наразылық туралы қайдан естідіңіз?" деп сұраққа алды. Тұрсынкүл Жоланова 1 мамыр күні өткен наразылыққа "кездейсоқ келгенін" айтты. "Өз басымдағы, халықтың басындағы жағдайды айтуға бардым" деді ол.

Жалғызілікті ананың адвокаты Гүләйым Сыдықова "Жоланованы бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды деп айыптауға негіз көріп тұрған жоқпын. Тұрсынкүл өзінің ойын ғана айтқан" деді. Прокурор Дидар Әскербеков аудандық сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған соң судья үзіліс жариялап, қатысушыларды залдан шығарды. Судья Ташболатов Жоланованы айыппұл төлеуге міндеттеді.

Жалғызілікті ана сот отырысынан соң Азаттық тілшісіне берген сұхбатында шешіммен келіспейтінін, бірақ айыппұлды "амалдап төлейтінін" айтты.

Тұрсынкүл Жоланова Алматыда 9 мамырда да ұсталған. Жалғызілікті анамен қоса онға тарта белсенді мен құқық қорғаушыдан полиция ҚДТ қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым - ред.) жайлы сұраған.

Оқи отырыңыз: Билікке наразылық білдіріп, жазаланған жалғызілікті ана

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Азаттықтың анықтауынша, наразылықтан соң жиырмадан аса адам жауапқа тартылған. Сотқа тартылғандар саны бұдан көп болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG