Accessibility links

Ақтөбеде экобелсенділер суы азайған өзендер мәселесін шешуді талап етті


Экобелсенділер мен Ақтөбе әкімдігінің кездесуі. Ақтөбе, 11 маусым 2019 жыл.
Экобелсенділер мен Ақтөбе әкімдігінің кездесуі. Ақтөбе, 11 маусым 2019 жыл.

11 маусымда Ақтөбе қаласында «Актобе, дыши» қауымдастығының белсенділері қала әкімдігіне барып, аймақтағы өзендердің мәселесін көтерді.

Биыл көктемде құрылған «Актобе, дыши» қауымдастықтығының белсенділері өзен арналарын тазарту кезінде бұлақтардың көзі бітеліп, жағалаудағы ағаштардың аяусыз оталып жатқанын айтады. Олар өзен арналарын кеңейту кезінде экожүйеге залал келіп, соның салдарынан құрғақшылық болып жатыр деп санайды.

- Ақтөбеде су тапшылығы бұрыннан бар. Оның үстіне соңғы жылдары қар да қалың емес. Аймақтағы су қорының негізі көзі - қар суы. Сондықтан Ақтөбеде су қоймаларын салу керек деп санаймыз. Ал біз өзен арнасының екі есе кеңейтілуіне, ағаштардың оталуына, бұлақтардың бітелуіне наразымыз, - деді «Актобе, дыши» қауымдастығының белсендісі Нұрбек Молдақұлов.

«Су шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе филиалы директорының міндетін атқарушы Әлізақ Әділжан да өзендердің суалуын құрғақшылықпен байланыстырады.

- Биыл Ақтөбеде құрғақшылық болды. Соның салдарынан Жақсы Қарғалы өзенінің жеті сағасы құрғап қалды. Ал су қоймасын салу туралы көптен бері айтылып келеді. Бірақ ол оңай шаруа емес. Ақтөбе облысы Жайық бассейні аумағында болғандықтан бұл мәселеде көршілес Атырау, Батыс Қазақстан облыстары және Ресейдің келісімі керек. Осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - деді Әлізақ Әділжан.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Еспановтың сөзінше, өзен арнасын кеңейтудің құрғақшылыққа қатысы жоқ.

- Жағалаудағы ағаштардың оталғаны рас. Ағаштарды кесуге мәжбүрміз. Ағаштарды қайтадан өсіруге болады. Ал тағы да су тасып, адам шығыны болса, оның орнын толтыру қиын, - деді Ілияс Испанов.

Ақтөбе қаласы әкімдігі 2017 жылғы су тасқынынан соң сегіз өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын қоқыстан тазалау туралы шешім қабылдағанын айтады. Бұл жұмыстарға «Жол картасы» бойынша 6,7 миллиард теңге бөлінген. Ақтөбе қаласы әкімі Ілияс Испановтың сөзінше, биыл осы қаржының 2 млрд теңгесі жұмсалған. Қалған қаржы алдағы екі жылда кезең-кезеңмен атқарылатын жұмыстарға бөлінуі тиіс.

Әкімдікке барған экобелсенділер игерілмеген қаржыны су қоймаларының құрылысына жұмсауды ұсынды.

Әкімдік сегіз өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын тазалауды төрт мердігер компанияға тапсырған. Әкімдіктегі жиынға мердігер компаниялардың өкілдері де қатысты. Экобелсенділер мен әкімдік олардан өзендер арнасын кеңейту кезінде табиғатқа мейлінше жанашырлықпен қарауды талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG