Accessibility links

Министрлік: 2018 жылы браконьерлерден 500 киік тәркіленді


Қазақстан даласында жайылып жүрген киіктер.
Қазақстан даласында жайылып жүрген киіктер.

Қазақстанда 2018 жылы 77 браконьерлік қылмыс анықталып, заң бұзғандардан 500 киік тушасы тәркіленген. Бұл туралы 18 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында халыққа есеп берген ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров айтты.

Министрдің сөзінше, 2018 жылы Қазақстанда киік саны 41 пайызға өсіп, 215 мыңға жеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, браконьерлікпен күрес шараларын әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

Бұған дейін тағы бір браконьерлік қылмыс биыл 13 қаңтарда Қарағанды облысында тіркелген. Киікті заңсыз атты деген күдікке іліккендер "Охотзоопром" мемлекеттік кәсіпорнының екі инспекторын соққыға жығып кеткен. Олардың бірі Ерлан Нұрғалиев ауыр жарақаты салдарынан кейін Нұр-Сұлтандағы ауруханада қайтыс болған. Бұл қылмысқа күдіктілер арада бірнеше күн өткенде ұсталды.

30 қаңтарда Қазақстан бас прокуратурасы соңғы жылдары елде сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарларды ұйымдасқан түрде заңсыз аулау оқиғалары көбейгенін мәлімдеген. Бас прокуратура дерегінше, 2016-2018 жылдар арасында браконьерлер табиғатқа 3,6 миллиард теңге зиян тигізіп, үш мыңға жуық киікті заңсыз атқан.​

Биыл наурызда Қарағанды облысындағы мемлекеттік Қорғалжын табиғи қорығының Нұра ауданына қарасты аумағында белгісіз біреулер 50 шақты киікті қырып кеткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG