Accessibility links

Әділ сөз: 2019 жылдың алты айында 25 журналист ұсталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

2019 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 25 журналист қызмет бабымен жүргенде ұсталған. Бұл туралы 28 маусымда "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры мәлімдеді.

"Тағы 18 журналистің үстінен іс қозғалған. Ақпарат құралдарында жарияланған материалдар бойынша 35 "кейіпкер" абыройы мен іскерлік беделін қорғау үшін сотқа шағымданған. Журналистерге қатысты 11 әкімшілік хаттама толтырылды. Бастысы, мерт болған, сотталған, таяқ жеген тілші болған жоқ. Журналистер гвардиясы берілмей келеді. Бұған қоса күш алып, жас таланттармен толығып жатыр" деп мәлімдеді қор.

28 маусым – Қазақстанда БАҚ қызметкерлерінің күні. Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сөз бостандығын жиі сынайды.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымының биылғы Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі рейтингісінде Қазақстан 180 елдің арасында 158 орын алып, бір жыл ішінде бір саты төмендеген.

Қазақстанда негізгі оппозициялық газеттер жабылғанын айтқан ұйым "тіпті сәл ғана сынай жазатын басылымдардың өзі биліктің қырына ілінеді" деген. "Шекарасыз тілшілер" ұйымының дерегінше, Қазақстанда "полиция журналистерді жиі ұстайды, интернетке қатаң бақылау қойылған", ал блогерлерді "абақтыға не психиатрлық мекемелерге қамайды".

"Шекарасыз тілшілер" Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан "елдегі журналистерге еркіндік беріп, бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолданған репрессивті әдістер бас тартуды" сұраған.

Қазақстан билігі "елде тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысым бар, сөз бостандығы шектеледі" деген мәлімдемелерді бірнеше рет жоққа шығарған. 25 маусымда Нұр-Сұлтанда өткізген есеп беру жиынында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елдегі сөз бостандығының жағдайы "мүшкіл емес" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG