Accessibility links

Үкімет аз қамтылғандардың несиесін қыркүйекке дейін өтеуді көздейді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан үкіметі әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың борышын төлеуге мемлекеттен бөлінетін қаражатты пайдалану тәртібі туралы құжат жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды. 30 маусымда электрондық үкімет порталында жарияланған құжат 15 шілдеге дейін талқыланады.

Оған сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылғы 15 шілдеге дейін көмекке мұқтаж адамдардың тізімін жинап, оны "мемлекеттік кредиттік бюроға" жібереді. Кредиттік бюро бұл тізімді 20 шілдеге дейін екінші деңгейдегі банктерге және микроқаржы ұйымдарына жолдайды. Олар 25 шілдеге дейін негізгі борыш, сыйақы және жылдық тиімді сыйақы ставкасының мөлшері бойынша берешекті көрсете отырып, әрбір қарыз немесе микрокредит бойынша бөле отырып кредиттік бюроға жолдайды.

Кредиттік бюро төлемге арналған тізімді әзірлейді.

«Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамы 9 тамызға дейін екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеу үшін келісім жасайды.

Еңбек және әлеуметтік көмек министрлігі 15 тамызға дейін «Проблемалық кредиттер қорына» қаржы аударып, соңғысы ол қаржыны 1 қыркүйекке дейін екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржы ұйымдарына жібереді.

26 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен топтардың кредитін өтеу туралы жарлыққа қол қойған.

1 маусымға дейінгі жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын көп балалылардың, асыраушысынан айрылған отбасылар мен мүгедек бала бағатындардың, ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі жастардың 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешіріледі. Жарлықты іске асыру үшін Тоқаев үкімет пен Ұлттық Банкке тапсырма берді.

Қаржы министрлігі президент қаулысын жүзеге асыру үшін 105 миллиард теңге қажет екені хабарлаған.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылған. Осы оқиғадан соң Қазақстанның бірнеше қаласында аналар наразылығы өткен. Көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырған аналар үкіметтің әлеуметтік көмегін сынап, биліктен баспана сұраған.

6 ақпанда Нұр-Сұлтанда аналар Астана концерт залындағы жиында биліктен "бір реттік науқан ретінде басында баспанасы жоқ, бірақ банктен несие алған аналардың бір мың айлық есептік көрсеткіші мөлшеріндегі несиесін кешіруді" талап еткен.

Алматы мен Шымкенттегі наразылық кезінде де аналар кредитін төлеуге қиналып отырғанын айтып, үкіметтен жеңілдік сұраған. Наразы аналардың біразы тапқан табыстары кредитке кететінін, баспана алуға мүмкіндіктері жоғын айтқан. Қазақстан билігі әр ананың талабының заңды-заңсыздығын тексеретінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG