Accessibility links

Билік жанжал болған Теңіздегі жұмысшылардың жалақысы туралы айтты


Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов. Нұр-Сұлтан, 4 маусым 2019 жыл.

Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов 4 шілдеде Теңіз кенішінде істейтін жұмысшылардың 200 мың теңгеден астам жалақы алатынын айтты. Бұл кеніште өткен сенбі, 29 маусымда "Теңізшевройлдың" мердігері Consolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шығып, кикілжің себептерінің бірі ретінде "жергілікті және шетел жұмысшыларының арасындағы жалақы теңсіздігі" айтылған еді.

- Бұл компанияға [Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore] келер болсақ, жергілікті атқару органдарына берілген дерек бойынша ондағы жұмысшылар жалақысы 223 мың теңгені құрайды, - деді Сарбасов журналистерге.

"Теңіздегі шетел қызметкерлерінің жалақысы қандай?" деген сұраққа ведомство өкілі еңбек инспекциясының зерттеу қорытындысы дайын болған соң мұндай дерек жарияланатынын айтты.

Бұған дейін Азаттық тілшісіне сұхбат берген кеніштің кейбір жұмысшылары жалақыларының 200 мың теңгеден (шамамен 520 доллар) аспайтынын айтып, жұмыс жағдайына шағымданған еді.

29 маусымда Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз кентінде "Теңізшевройлдың" мердігері Consolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шыққан. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда ССЕР деген жазуы бар жилет киген жұмысшылар басқа бір жұмысшыларды тепкілеп, қолына түскен заттармен ұрып жатқаны көрінеді.

Қатты таяқ жеген кейбір жұмысшылар жерде жатқан. Тағы бір видеода бір топ жұмысшының автобусқа тас лақтырғаны байқалады.

ТШО дерегінше, оқиға кезінде шамамен 40 адам "жеңіл жараланған". Ливанның The Daily Star газетінің жазуынша, 10 ливандық зардап шеккен. Қазақстан билігі жараланған адамдар қай елдің азаматтары екенін атамайды.

"Теңізшевройл" компаниясы мен Қазақстан билігі жұмысшылар арасындағы төбелесті "тұрмыстық жанжал" деп сипаттады. Ал Иордания мен Ливан билігі Теңізде жұмыс істейтін азаматтарын кеніштен эвакуациялағанын мәлімдеді.

Атырау облысы әкімдігі басында жанжалға WhatsApp мессенджерінде тараған сурет түрткі болғанын айтқан. Суретте компанияда жұмыс істейтін Ливия азаматы қолына рация ұстап, оның ұшын жанында тұрған қазақ қызға бағыттап тұрған. Жергілікті жұмысшылар "сурет - қыздың ар-намысын таптау" деп есептеген.

Кейін Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев "Теңізшевройл" компаниясы жетекшілерімен өткен жиналыста "жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалған жағдай әртүрлі болғандықтан жанжал шыққан. Бұл мәселені ТШО басшылығы жүйелі түрде шешуі тиіс" деген. Әкімнің сөзін де Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жанжал кезінде жергілікті жұмысшылар "жалақы мен жұмыс мәселесін көтермегенін" айтқан.

Ал энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасындағы жалақының айырмашылық жайлы "әңгімені" естігендерін, жұмысшылардың келісім-шарттарын тексеру керегін мәлімдеген.

Теңіз кеніші Құлсарыдан - 120 шақырым, Атыраудан 340 шақырым жерде орналасқан. "Теңізшевройл" Қазақстанда 1993 жылдан бері істейді. "Теңізшевройл" мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (20%) және LUKArco (5%) компаниясы кіреді. Ашық ақпараттардағы дерек бойынша, Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore электр құрылғыларын орнатумен айналысады. Бас офисі Абу-Дабиде (БАӘ) орналасқан.

Оқи отырыңыз: Теңіздегі жанжалдан соң Ливан мен Иордания азаматтары еліне қайтқаны хабарланды
  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG