Accessibility links

Прокурор кәсіподақ төрағасы Балтабайды 8 жылға соттауды сұрады


"Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай сотта. Шымкент, 16 сәуір 2019 жыл.

15 шілдеде Шымкентте Еңбекші аудандық сотында «Лайықты еңбек» кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай ісінің кезекті отырысында прокурор Балтабайды 8 жылға соттауды сұрады.

Ал Балтабай соттан өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуды өтінді. Ерлан Балтабай судьядан «Роза Нұрекеева жәбірленуші деп танудан бас тартып, қылмыстық істі қысқартуды» сұрады. Оның айтуынша, «заң бойынша кәсіподақ құрылтайшылардан емес, еріктілерден құрылады. Еріктілер кәсіподақ төрағасынан берілген жарнаны талап ете алмайды».

«Шымкент қалалық әділет департаментінің өзі Роза Нұрекееваның кәсіподақ мүшесі екенін көрсетті. Ендеше ол іс бойынша жәбірленуші деп танылмауы керек» деді ол.

Балтабайдың үстіне кәсіподақтың мүшесі Роза Нұрекеева «кәсіподақ ақшасын ұрлады» деп шағым түсірген.

Прокурор, жәбірленуші және оның қорғаушысы Балтабайдың істі тоқтату туралы талап-тілегін қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Судья талап-тілекті ашық қалдырды.

Жәбірленуші тарап прокурор сұраған 8 жылдық жазамен келісетіндерін айтты.

Балтабайдың қорғаушылары соттан оны кінәсіз деп танып, ақтауды сұрады. Балтабай сотта кінәсі дәлелденбегенін, қылмыстық іс қысқартуға жататынын қайталады. Айыпталушы соттағы соңғы сөзін 16 шілдеде айтады.

2019 жылдың сәуірінде Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты «Лайықты еңбек» кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайдың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай бастаған.

Кәсіподақ төрағасының үстінен Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы (189-бап) бойынша іс қозғалған.

Балтабайдың өзі бұл істі «тәуелсіз кәсіподақтарды біржола құртудың амалы» деп бағалаған. Ол өзіне қарсы қолданылып отырған Қылмыстық кодекстің 189-бабы кәсіподақ мүшелерін айыптауға «жарамайтынын» айтады. Балтабайдың үстінен қылмыстық былтыр қыркүйек айында қозғалған. Шымкент полициясы 2018 жылдың 25 қыркүйегінде Ерлан Балтабайдың кеңсесін тінткен.

Маусым айында HRW ұйымы «кәсіподақ лидері абақтыға жабылса, бұл Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақтарға қатысты алаңдаушылығын күшейе түседі» деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG