Accessibility links

Белсенділер полиция реформасын жеделдетуді талап етпек


Көрнекі сурет.

Бүгін, 19 шілдеде Алматыда «ҚР ІІМ-ді реформалауды талап етеміз» («Требуем реформу МВД РК») қауымдастығына мүше азаматтар реформаны жеделдетуді талап етіп, митинг өткізетіндерін мәлімдеді. Олар жергілікті билікке митинг өткізетіні жайлы ескерту де жасап қойған. Конституцияға сүйенген белсенділер шеру өткізу үшін билікке ескерту жасау жеткілікті деп есептейді.

Жиында соңғы бір жылда болған өзгерістерді атап өткен топ мүшелері "полицияны реформалау ісінің" өте баяу жүріп жатқанын айтып, полиция жұмысын сынады. Полиция халықпен ашық жұмыс істеуге күш салуы тиіс деді олар. Жиын барысында олардың айлығының көбейгені құптарлық жайт екенін де айтты.

«ҚР ІІМ-ді реформалауды талап етеміз» тобы былтыр спортшы Денис Теннің өлімінен кейін құрылған. Аз уақыт ішінде топқа 15 мың мүше тіркелді. Топтың алғашқы талаптарының бірі сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты және Алматы қалалық полиция департаментінің директоры Серік Күдебаевты отставкаға жіберу еді.

Оқи отырыңыз: Денис Тен қайтқалы жыл өтсе де полиция "реформаланып" бітпеді

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда ауруханада қайтыс болған. Көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болған спортшыны екі адам пышақтап кеткен. Кейін бұл оқиға бойынша Құдайбергенов, Қиясов және Толыбаева ұсталған.

17 қаңтарда Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты спортшы Денис Теннің өліміне байланысты айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты - 18 жылға, Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырған.


  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG