Accessibility links

Қырғыз еріктілері Сирия мен Ирактан отандастарын елге қайтаруды ұсынды


Көрнекі сурет.

Қырғызстандық бір топ азамат Таяу шығыстағы соғыс аймағына осы елден кеткен отандастарын елге қайтаруға септесуге ынта білдіріп отыр. Бастамашыл топ Сирия мен Ирактағы әйелдер мен балалардың жол шығынын төлеуге әзір екендерін айтып, биліктен осы іске жәрдемдесуін сұрайды.

Бішкекте 1 тамызда өткен баспасөз жиынында олар Ирак лагерлеріндегі қырғызстандық 150 әйел мен баланы қыркүйек айында елге қайтаруға даяр екенін мәлімдеді.

"Бастама көтеріп отырғандар көптің аузында жүрген я экраннан жиі көретін танымал адамдар емес, қарапайым бизнесмендер. Негізгі месседж - сонда жүрген азаматтарымызды алып шығу үшін бірігу. Содырлар туралы айтып тұрған жоқпыз. Олардың бағасын сот береді, біз әйелдер мен балалар туралы айтып отырмыз" деді бастамашыл топ өкілі Кубанычбек Токтосунов.

Сирия мен Ирактан қырғызстандықтарды елге қайтаруды ұсынды. "Настоящее время" видеосы (орысша):

​Бұған дейін Таяу шығыстағы соғыс аймағында жүргендердің туыстары Қырғызстан билігінен жақындарын елге қайтаруға көмек сұраған. Енді бұл іске қарапайым қырғызстандықтар араласып отыр.

Олардың сөзінше, қазір Сирия мен Иракта бірнеше мың қырғыз азаматы бар. Иракпен арада бір жарым айдан бері келіссөз жүріп жатқанын айтқан белсенділер кей мәселелер шешілген деп отыр. Олардың сөзінше, енді құжаттарды рәсімдеуге биліктің көмегі қажет.

"Олардың (соғыс аймағына кеткендерді айтады - ред.) психикасы өзгерген. Сондықтан олар келгенде оңалту орталығын ұйымдастырып, психолог пен дәрігер мамандар шақыртамыз" деді Токтосунов.

Бастамашыл топ келісімдерді одан әрі жалғастыру үшін жақында Иракқа баруды жоспарлап отыр.

Қырғызстан билігі әзірге бұл ұсынысқа жауап берген жоқ. Елдің сыртқы істер министрлігі мен консулдық қызмет департаментінің баспасөз қызметтері де бастамашыл топ ұсынысына байланысты комментарий бермеді.

2013 жылдары өздерін "Ислам мемлекеті" (ДАИШ, араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) деп атайтын экстремистік ұйым Сирия мен Ирактың едәуір аумағын басып алған. Адамдарды асқан қатыгездікпен қырып-жойған ұйымның кесірінен аталған екі елден миллиондаған адам босып кеткен.

Сириядағы соғыс аймағында жүрген, түрлері Орталық Азия елдері өкілдеріне ұқсас қарулы адамдар. (Facebook әлеуметтік желісінде 2013 жылы жарияланған сурет.)
Сириядағы соғыс аймағында жүрген, түрлері Орталық Азия елдері өкілдеріне ұқсас қарулы адамдар. (Facebook әлеуметтік желісінде 2013 жылы жарияланған сурет.)

ДАИШ қатарына қосылу үшін Орталық Азия елдерінен мыңдаған адам Сирия мен Иракқа барған. Олардың бір бөлігі, негізінен әйелдер мен балалар, 2017 жылы күзде АҚШ пен одақтастары ДАИШ тобын Ирак пен Сирия территориясында талқандағаннан кейін соғыс аймағындағы лагерлерге тап болған, әйелдердің кейбірін Ирак соты "экстремистерге болысқаны" үшін жауапқа тартқан.

Оқи отырыңыз: "Мәйіттерді басып жүрдік". Соғысты көрген әйелдің хикаясы

Бұған дейін Қырғызстанмен көршілес Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері Таяу шығыстағы соғыс болған аймақтан азаматтарының бір бөлігін елге қайтарған.

2018 жылы шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттыққа "Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарына Қазақстанның 800 азаматы кеткен" деген ақпарат берген. ҰҚК дерегінше, Таяу шығыстағы террористік ұйымдардың қол астындағы территорияларда 120 қазақстандық ер азамат, 250-ден астам әйел және 500 кәмелеттік жасқа толмаған бала болған. Ресми ақпарат бойынша, "Жусан" операциясы аясында қазақстандық арнаулы қызмет 2019 жылы Сириядан 516 адамды, оның ішінде 360 баланы елге жеткізген. Эвакуацияланған ерлер мен әйелдердің бірқатарының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оларға "терроризмді насихаттау" және "алауыздық тудыру" баптары бойынша айып тағылған.

Қазір Қазақстанда, кей деректер бойынша, Сирия мен Ирактағы қарулы жанжал аймақтарынан келген азаматтардың дерадикализациясы мен оларды оңалту шарасымен айналысатын 13 орталық бар. Олар Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен Көкшетау, Атырау, Жезқазған және Қаскелең қалаларында орналасқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG