Accessibility links

Белсенділер Жәкішевті, Боқаевты, Атабекті қамаудан босатуды талап етті


"Атажұрт еріктілері" кеңсесіндегі жиын. Нұр-Сұлтан, 5 тамыз 2019 жыл.

5 тамызда Нұр-Сұлтанда «Атажұрт еріктілері» кеңсесіне жиналған бір топ белсенді құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп атаған түрмедегі Макс Боқаевты, Арон Атабекті және Мұхтар Жәкішевті қамаудан босатуды талап етті.

Бұған қоса, олар «экстремистік ұйымның қызметіне қатысты» деп айыпталып, қамауға алынған Нұр-Сұлтан тұрғыны Серік Жахин, үйқамақта отырған Гүлмира Халықова мен Ақмарал Керімбаеваны да босатуды талап етті.

Тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының мүшесі Медетхан Қасымұлы осы ұйымның жетекшісі, Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген Серікжан Біләштің де үйқамағын созбай босатуды сұрады. Серікжан Біләшқа "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айып тағылып, наурызда үйқамаққа алынған. Оның соты шілденің соңында басталды.

Боқаев жер митингісінен кейін «әлеуметтік араздықты қоздырды, жалған ақпарат таратты» деп бес жылға сотталған. Ал Арон Атабек 2017 жылы «Шаңырақ оқиғасынан» соң 18 жылға түрмеге қамалған. Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді. Шілдеде Семей соты Жәкішевті шартты түрде босату өтінішін қанағаттандырмаған. Осыдан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында Жәкішевті босатуды талап еткен акциялар өтті.

Нұр-Сұлтан сотының хабарлауынша, Серік Жахин, Гүлмира Халықова мен Ақмарал Керімбаеваға қатысты тергеу жүріп жатыр. Олар Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған ҚДТ қозғалысын қолдады деп күдікке ілінген.

Қазақстанда құқық қорғаушылар мен белсенділер жыл сайын елдегі саяси тұтқындардың тізімін жасайды. Олар «билік өзіне жақпаған белсенділерді түрмеге қамайды» деп сынайды. Ал Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады. Елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Саяси репрессия құрбандарын еске алу күнінде "азаматтардың құқығы мен еркіндігі қорғалатын Қазақстанда саяси қудалау мен тұтқындар жоқ" деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG