Accessibility links

Жәйремдегі жанжалдан кейін жеті адам "қамауға алынды"


Ескі Жәйрем кентіндегі қорғасын байыту фабрикасының құрылысы. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Қарағанды облысындағы Жәйрем тау-кен комбинатында болған жанжалдан кейін жеті адам ұсталып, тергеу изоляторына қамалған. Бұл туралы 20 тамызда Қарағанды облысы полиция департаменті хабарлады.

Полиция департаментінің мәліметінше, ұсталғандар 22-33 жаста. Олар «бұзақылық және бөтеннің мүлкін ұрлау» бабы бойынша күдікке ілінген.

12 тамызда Жәйремдегі тау-кен комбинатында жанжал болып, шетелдік бірнеше жұмысшы жарақаттанған. Жергілікті билік олардың «жеңіл жарақаттанғанын» хабарлаған. Билік жанжалдың себебін, нақты қанша адамның зардап шеккенін ашып айтпады. Полиция оқиғаны «тұрмыстық жанжал» деп атады.

Жергілікті тұрғындар мен куәгерлер Азаттық тілшісіне төбелес интернетте тараған қыздың жалаңаш суреті себеп болғанын айтады. Тұрғындардың сөзінше, суретті шетелдік жұмысшылардың бірі таратуы мүмкін. Кейбір тұрғындардың айтуынша, жергілікті тұрғындар комбинатта шетелдік жұмысшылардың істегеніне қарсы шыққан.

Жәйремдегі комбинат оқиғаға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Оқи отырыңыз: Билік шетелдік жұмысшылармен болған жанжалдың себебін айтпады

Бұл — Қазақстанда шетелдік жұмысшылар мен жергілікті тұрғындар арасында туындаған биылғы жаздағы екінші жанжал. 29 маусымда Атырау облысындағы Теңіз кенті жұмысшылары арасында жанжал шығып, кем дегенде 40 адам зардап шеккен. Ливан мен Иордания басылымдары қақтығыстан соң жүздеген азаматының Қазақстаннан қайтқанын жазған. Қазақстан билігі мұны "тұрмыстық жанжал" деп атаған.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG