Accessibility links

Алматыда "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін полицияға шақырды


Description: "Oyan, Qazaqstan" азаматтық жастар қозғалысының өкілдері, алматылық белсенділер Роман Захаров (сол жақта) пен Жанел Шаханова. 28 тамыз 2019 жыл.
Description: "Oyan, Qazaqstan" азаматтық жастар қозғалысының өкілдері, алматылық белсенділер Роман Захаров (сол жақта) пен Жанел Шаханова. 28 тамыз 2019 жыл.

Қазақстанда саяси реформалар жасауға шақырып жүрген "Oyan, Qazaqstan" азаматтық жастар қозғалысының үш мүшесін 28 тамызда Алматыда полицияға шақыртқан.

Қозғалыс белсендісі, суретші Роман Захаровтың Азаттыққа айтуынша, таңертеңгі сағат тоғыздың кезінде үйіне келген құқық қызметкерлері оны Алматы полициясы департаментіне жеткізген. Қозғалыс белсенділері Жанел Шаханова мен Әсем Жапишеваға да полиция шақырту жіберген. Захаров полиция мекемесінде онымен қалалық әкімдік өкілдері "профилактикалық әңгіме" өткізіп, Алматыда 30 тамызда өтеді деп хабарланған марш және Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жайлы сұрақтар қойғанын айтты.

- "Oyan, Qazaqstan" туралы сұрады. "30 тамызда заңсыз маршқа шақырып жатырсыңдар" дегенді айтты. Бірақ біз әлеуметтік желіде таратқан ақпаратта марш өтетін ешқандай уақыт, мекенжай жазылмаған, - деді Роман Захаров.

Әсем Жапишева мен Жанел Шаханова да полиция департаментіне кіріп шықты. Белсенділердің адвокаты Ерлан Ерболатұлы әкімдік өкілдерінің полиция ғимаратына шақыртуы заңсыз деп санайды. Ол бұған байланысты бас прокуратураға арыз түсіретінін айтты.

Азаттық тілшісі полиция департаменті ғимаратынан шыққан Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбековтен белсенділерді полицияға шақырту себебін сұрады. Шенеуніктің сөзінше, "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының әлеуметтік желіде 30 тамызда марш өтетін туралы жариялаған жазбалары "елді заңсыз митингіге қатысуға шақыру" болып саналады.

"Сондықтан олармен әңгімелесіп, жиын өткізу үшін рұқсат алу керектігін ескерттік" деді Алматы әкімдігінің өкілі.

Роман Захаров биыл көктемде Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойындағы көпірге Қазақстан конституциясындағы баптан "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық" деген сөз жазылған баннер ілген соң "қоғамдық орынды былғағаны" үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Әуелі Захаровты әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған сот кейін жазаны айыппұлға ауыстырған.

Бұған дейін "Oyan, Qazaqstan" азаматтық қозғалысының белсенділері 30 тамыз, Қазақстан конституциясы күні бейбіт шеруге шығуды жоспарлап отырғанын хабарлаған.

Белсенділер қолданыстағы конституцияда көрсетілген президенттің "шексіз билігі" Қазақстанның "дамуына тежеу болып" отырғанын мәлімдеген. Олар президенттің өкілеттігін шектеуді және билік жүйесін реформалауды ұсынған. Қозғалыс мүшелері сонымен бірге елде саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер құруды шектейтін заңдарды өзгертуді, сайлау жүйесін реформалауды, әкімдер сайлауын енгізуді, парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарын бір мандатты округтер арқылы сайлау жүйесін енгізуге шақырған.


Биыл 5 маусымда Алматыда бір топ белсенді "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы құрылғаны туралы жариялаған. Бастамашыл топ ресми тіркелуді көздемейтінін әрі ешқандай саяси партиямен әріптес емес екенін, қандай да бір отандық және шетелдік ұйымдардан қаржы алмайтындарын мәлімдеген болатын. Белсенділер өздерін қолдайтындар әр өңірде барын және әлі де қосылып жатқандықтан әзірге қозғалыстың нақты қанша мүшесі барын айта алмайтындарын айтқан.

Соңғы айларда "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының бастамасымен Қазақстанның бірнеше қаласында өткен SERUEN деп аталатын акцияға ондаған адам қатысты. Белсенділер шараның мақсатын "өзара танысып, білісу, ашық диалог орнату, қоғамдық орындарды қоғамға қайтару" деп түсіндірді. Шілде айында Шымкентте осындай акцияға қатысқандарды полиция ұстаған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG