Accessibility links

Қарағанды соты инспектор Нұрғалиевті өлтіру ісін прокуратураға қайтарды


«Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтіру және оның әріптесі Петр Ницыкқа қастандық жасау ісі бойынша айыпталушылар сот залында тұр. Қарағанды облысы, 27 тамыз 2019 жыл.

Қарағандыда «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтіру, әріптесі Петр Ницыкқа қастандық жасау бойынша қозғалған қылмыстық іс прокуратураға қайтарылды. Бүгін, 29 тамызда Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бекзат Шалғымбаев осындай шешім шығарды.

Судья Шалғымбаевтың сөзінше, айыптау актісінде басты сот талқылауын тағайындауға кедергі болатын қателер жіберілген. Судья осы шешімі арқылы тағы төрт сотталушыға «аса ауыр қылмыс жайлы хабарламады» деп айып тағу қажетін айтқан жәбірленуші тараптың өтінішін де қанағаттандырған.

Жәбірленушілер Азаттыққа соттың істі қайтару туралы шешімін мұқият қарап шыққысы келетінін айтты. Олардың сөзінше, жағдай қалай өрбейтінін болжап білу қиын. Бұған дейін, 27 тамызда прокурор Қуаныш Жексенбаев «істі прокуратураға қайтаруға негіз көрмей тұрғанын» айтқан.

Оқи отырыңыз: «Инспектор Нұрғалиевті өлтіру ісі» сотқа жетті. Алғашқы отырыс

Жеті айыпталушы да Қызылорда облысының тумасы. Үшеуіне «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиевті топ болып «басқа қылмысты оңай жүзеге асырып, ізін жасыру үшін» өлтірді және әріптесі Петр Ницыкқа қастандық жасады деген айып тағылған. Барлығына «аса ірі ауқымда залал келтіріп, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан хайуанаттарды көздеп заңсыз аң аулады» деген ортақ айып тағылған.

Сотқа тартылғандар айыпты біршама жұмсартып, қылмыстық бапты «денеге жарақат түсіру» бабына өзгертуді сұрайды. Айыпталушылар адвокатының сөзінше, қорғауындағы азаматтардың инспекторды өлтіру туралы ойы болмаған, сондай-ақ айыпталғандар заң қорғауындағы киікті емес, қасқыр атпақ болған.

Жәбірленушілер жеті айыпталушының төртеуін заңсыз аңшылық бабымен ғана емес, адам өлтіруге қатысы бар деп те соттауды сұрайды.

Биыл 13 қаңтарда қорықшы Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан мерт болған. Toyota Land Cruiser көлігіндегі браконьерлер екі қорықшы Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, көліктен түскен "шымыр денелі қарулы" адамдар инспекторларды ұрып, із жасырған. Қатты жараланған екі инспекторды кейін өзге әріптестері тауып алған. Ерлан Нұрғалиевті 14 қаңтарда туыстары Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізген. Бір тәуліктен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG