Accessibility links

Қазақстан азаматтығын алған 11 мыңға жуық қазақтың көбі Өзбекстан мен Қытайдан келген


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жыл басынан бері 10,7 мыңнан астам этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын алған. Бұл ақпаратты 5 қыркүйекте Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ақпарат бойынша, азаматтық алғандардың басым бөлігі (48,5 пайыз немесе шамамен бес мыңнан астам адам) Өзбекстан және Қытайдан (36 пайыз) келген. Қазақстан төлқұжатын алғандар арасында бұған қоса, Моңғолия (6,2 пайыз), Түркіменстан (5,4 пайыз), Ресей Федерациясы (1,1 пайыз), Иран (0,5 пайыз) және өзге елдерден келгендер де бар.

Министрлік дерегінше, келген азаматтар негізінен Ақмола және Маңғыстау, Жамбыл облыстарына шоғырланған.

"1991 жылдан бастап 300 мыңнан астам отбасы немесе миллионнан астам этникалық қазақ тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алған" делінген министрлік хабарламасында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ахмади Сарбасовтың айтуынша, елде оралман мәртебесі бір жылға дейін жарамды. Оның айтуынша, "кейбір оралмандар ұсынылған уақыт ішінде жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алмаған және мұндай мүмкіндіктен айырылған".

Мұндай азаматтар жеңілдетілген тәртіппен оралман мәртебесін ұзарту үшін "жергілікті атқарушы органдарға жүгіне алады және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін ішкі істер органдарына құжаттарды тапсыра алады".

26 тамыз күнгі жағдай бойынша, осы акция аясында алты мыңға жуық этникалық қазақтың оралман мәртебесі ұзартылған. Оның бес мыңға жуығы азаматтық алуға құжат тапсырған.

2013 жылы желтоқсанның 10-ы күні бекітілген "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға сәйкес оралмандарға азаматтық Қазақстанға көшіп келген соң 4 жылдан кейін беріледі деп көрсетілген. Бұл заң оралмандар мен олардың құқығын қорғаушылардың наразылығын тудырып, қызу қоғамдық талқылауға ұласқан еді. Кейін заңға қайтадан өзгерістер енгізіліп, шетелден келген этникалық қазақтар бір жылдың ішінде азаматтық алатын болған.

Оқи отырыңыз: Ықтияр хат пен азаматтық арасындағы сергелдең

Бірақ сол уақытқа дейін жарамдылық мерзімі шектеусіз түрде (Қазақстан азаматтығын алған күнге дейін жарамды – ред.) беріліп келген "оралман" мәртебесі бір жылға ғана жарамды болып бекітілген болатын.

Дәл осының алдында Өзбекстанда мыңнан астам адамның азаматтықтан айрылуы мүмкін екені, олардың басым бөлігі этникалық қазақ екені хабарланды.

Оқи отырыңыз: Мыңнан астам адам Өзбекстан азаматтығынан айрылуы мүмкін, басым бөлігі - этникалық қазақтар

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG