Қазақстан Қытайға экспорттайтын бидай көлемін 3,5 есеге арттыра алады деді сәрсенбі күні Пекиндегі қазақ-қытай іскерлік кеңесі отырысына қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орталық Азиядағы ірі астық өндірушілердің бірі саналатын Қазақстан бидай және өзге де ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортын арттыруға күш салып келеді.
“Өткен жылы Қытайға астық экспорты 550 000 тоннаға жетті. Біз бұл көлемді үш жарым есеге яғни, екі миллион тоннаға дейін жеткізе аламыз” деді Тоқаев жиын барысында.
Reuters-тің жазуынша, дегенмен Тоқаев қай уақыттан бастап экспорт көлемін арттыратынын және ол үшін нақты қандай шаралар қабылдануы керектігін ашып айтпаған.
Тоқаев сонымен бірге Қазақстанның Қытайға сүт өнімдері, құс еті, сиыр, қой, шошқа еті, ұн, түрлі дәнді-дақылдарды тасымалдауға әзір екенін жеткізген.
Қытай – астық қана емес, Қазақстанның мұнай-газын, металын пайдаланатын негізгі мемлекеттердің бірі. Қазақстан астығының басым бөлігін Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Кавказ және Қара теңіз жағалауы арқылы Батыс елдеріне өткізеді.
Ресми дерек бойынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 12 миллиард долларды құраған. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстан экономикасына 20 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған.
Тоқаевтың Қытайға сапары қарсаңында Қазақстанның бірнеше қаласында "Қытай жобаларына қарсы" наразылық акциялары өтті. Оған қатысушылар биліктен елдегі "Қытай зауыттарының жабылуын", Қазақстанның көрші елмен қарым-қатынасын шектеуін талап етті.
7 қыркүйекте Алматыда өткен "Халық құрылтайында" азаматтар президенттен "ресми сапары барысында Қытайдан қарыз алмауды, жаңа жобалар бойынша келісім-шарт жасаспауды" талап етті.
Наразылық акцияларына реакция білдірген қазақстандық билік өкілдері "Қытаймен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалардың ел экономикасы үшін маңызды екенін, қазіргі кезде инвестициясыз алға жылжу мүмкін емесін" айтқан.
Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция салған - төртінші, ең көп қарыз беруші үшінші ел. Қазақстанға инвестиция салу бойынша алғашқы үштікте Нидерланд, АҚШ және Швейцария тұр. Ұлттық банктің 2018 жылғы есебінше, Қазақстанның Қытай алдындағы қарызы 12 миллиард долларды құрайды. Қазақстаннның Голландияға – 49 млрд доллар, Ұлыбританияға – 21,4 млн доллар, АҚШ-қа 12,3 млрд доллар қарыз.
ПІКІРЛЕР