Accessibility links

Алматы соты шеруге шыққаны үшін белсендіні 15 тәулікке қамады


"Заңсыз шеруге қатысу" айыбы тағылған Алматы тұрғыны Мұрат Шорманов соттың басталуын күтіп отыр. Алматы, 17 қыркүйек 2019 жыл.
"Заңсыз шеруге қатысу" айыбы тағылған Алматы тұрғыны Мұрат Шорманов соттың басталуын күтіп отыр. Алматы, 17 қыркүйек 2019 жыл.

Алматы соты "заңсыз шеруге қатысқан" деген айыппен жергілікті тұрғынды 15 тәулікке әкімшілік қамауға алды деп хабарлады Азаттық тілшісі сот залынан.

46 жастағы Мұрат Шорманов сотқа дейін Азаттыққа өзін полиция дүйсенбі күні кешке, осындай айыппен жауапқа тартылған Айдос Базарханов пен Асхат Жексебаевты қолдау үшін сотқа келген кезде ұстағанын айтты. Сот ол екі белсендіні 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

Шормановтың сөзінше, дүйсенбінің кешінен сәттен бастап оны полициядан шығармай ұстап, соңғы сәтке дейін қандай айып тағылғанын хабарламаған. Сотта белсенді адвокаты келгенше отырысты бастамай, күте тұруды өтінді, бірақ судья Ержан Алдабек жарты сағаттан кейін істі адвокатсыз қарай бастады.


Бақылаушылардың айтуынша, дүйсенбінің кешінен бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында полиция белсенділерді ұстай бастаған. Хабарларға қарағанда, ондаған адамдық полицияға шақырып немесе мәжбүрлеп жеткізіп, билік рұқсат етпеген акцияларға қатысқаны үшін заң бойынша жауап беретіні туралы ескерткен.

Бұған дейін осы аптада шеруге шығу туралы үндеуді 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан бұрынғы банкир және Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов таратқан. Оны қолдайтын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын өткен жылы сот "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған. Әблязов 2017 жылы ҚДТ қозғалысы құрылғанын мәлімдегенде оның мақсаты "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформаларды іске асыру" деп жариялаған.

Сейсенбі күнгі сотта Мұрат Шорманов Азаттыққа өзінің қамауға алынуын алдағы күндерге жоспарланған акциямен байланыстыратынын айтып, "билік осылайша барлық белсенділерді алдын ала қамауды ұйғарғанға ұқсайды" деді.

Қазақстанда өткен жылдан бері ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген айыппен ондаған адам қамалған. Олардың кейбірі сотталған. Бұл күндері елде ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген айып тағылған белсенділердің ісі бойынша кезекті сот процестері өтіп жатыр.

Оқи отырыңыз: "Түзелмеген" зейнеткерге "ҚДТ-ға қатысу" айыбы қайта тағылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG