Accessibility links

Полиция: Нұр-Сұлтанда 21 қыркүйекте елу шақты адам ұсталды


Полиция қызметкерлері көшеден ұсталған азаматтарды автобусқа күштеп салып жатыр. Нұр-Сұлтан, 21 қыркүйек 2019 жыл.

21 қыркүйекте Қазақстан астанасында полиция елу шақты адамды көшеден ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізген. Бұл туралы бүгін, 23 қыркүйекте ішкі істер министрлігінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан полиция департаментінің бастығы Ерлан Сәденов хабарлады.

"Прокуратура өкілдерінің бірнеше рет жасаған ескертуіне қарамастан, рұқсат етілмеген митингіге шығу туралы арандатуға ерген бірнеше азамат өзге адамдардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне, жол қозғалысына қатер төндірген. Ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу үшін заңда қарастырылған шаралар қолданды" деді ол.

Оның сөзінше, өткен сенбіде Нұр-Сұлтанда көшеден ұсталған 50 шақты азамат полиция бөлімшелеріне жеткізілген. "Олардың төртеуі әкімшілік жауапқа тартылды, қалғандары профилактикалық әңгімеден соң босатылды" деді Сәденов.

Бұған дейін билік орындары 21 қыркүйекте Нұр-Сұлтан мен Алматыда 57 адамның ұсталғаны туралы ресми ақпарат таратқан болатын.

Өткен сенбі күні Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте "рұқсат етілмеген митингі" орнында полиция ондаған азаматты ұстаған. Оған дейін Қазақстан соты экстремистік ұйым деп танып, тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының лидері, 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 21 қыркүйекте жаппай көшеге наразылық шеруіне шығуға шақырған. Қазақстан бас прокуратурасы "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" екенін ескертіп, оған қатысқан азаматтардың "жазаланатынын" ескерткен.

Оқи отырыңыз: Болмаған митингі ондаған адамның ұсталуымен аяқталды

Өткен аптаның басынан бері Қазақстанның бірнеше аймағында ондаған белсендіні полиция шақырып, "рұқсатсыз шеруге шықпауды" ескерткен, ал 30-дан астам адамды әкімшілік жазаға тартқан.

Наурыз айында уақытша президент міндетін атқаруға кірісіп, 9 маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев батыс басылымдарына берген сұхбатында митингі туралы жаңа заң әзірлеу жоспары жайлы мәлімдеген. Президент қыркүйектің басында халыққа жолдауында "Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз еркін білдіруге құқылы. Егер бейбіт акциялар заңды және елдің шырқын бұзуды көздемесе, онда белгіленген заң шеңберінде митингілерге рұқсат беріп, арнайы орын бөлу керек" деген. Алайда Тоқаевты сынайтындар оның шетел басылымдарына "жаңалық" деп отырғаны қолданыстағы заңда бар ереже екенін айтады.

Қазақстанда биылғы жылы бейбіт шерулер мен митингілер жиілеген. Мұндай акциялардың басым бөлігі шеруге қатысқандарды ұстап, әкімшілік қамауға алу және айыппұл салумен аяқталған.

Елде билік рұқсат бермеген митингілердің бәрі "заңсыз" деп танылып, оның қатысушылары әкімшілік жауапқа тартылады. Батыс елдері мен құқық қорғаушылар Қазақстанның митингілер туралы заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп жиі сынайды.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG