Accessibility links

Шымкентте "Қытайға қарсылық" танытқан үш белсендіге айыппұл салды


Кең баба саябағында "Қытай жобаларына" қарсы акция өткізіп тұрған адамдар. Шымкент, 5 қыркүйек 2019 жыл.

Шымкент соты 5 қыркүйек күні қаладағы Кең баба саябағында рұқсат етілмеген акцияға қатысқан жергілікті белсенділер Жарқынбек Сейтінбек, Айжан Жолдасова мен Орал Біләлиевтің әрқайсысына 50500 теңге (шамамен 130 доллар) айыппұл салды. Бұл ақпаратты 23 қыркүйекте Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты растады.

Әкімшілік соттың хабарлауынша, үш белсенді "бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізу ережелерін бұзғаны" үшін әкімшілік жауапқа тартылған.

Жарқынбек Сейтінбек пен Орал Біләлиевті 21 қыркүйекте таңертең Ордабасы ауданы Қайнарбұлақ ауылындағы туысының үйінен полицияға алып кетіп, сол күні сағат 16:00-де әкімшілік сот шешім шығарған. Сол күні күндіз Айжан Жолдасованы Шымкенттегі Иляев көшесінде ұстап, сотқа жеткізген. Сот шешімінен кейін Азаттық тілшісі сөйлескен Сейтінбек апелляциялық шағым жазбайтынын айтты.


Жарқынбек Сейтінбек, Айжан Жолдасова мен Орал Біләлиев 5 қыркүйекте Шымкенттегі Кең баба саябағында "Қытай жобаларына" қарсы Жаңаөзен тұрғындарының талабын қолдау акциясына қатысқан. Наразылар елде "Қытай ықпалының күшейгенін" айтып, Қазақстан үкіметінің "қытай инвестициялық жобаларын" іс асыру туралы бірлескен жоспарына наразылық білдірген. Билік өкілдері Қытаймен бірлескен жобалар аясында жаңа жұмысқа орналасқандардың басым бөлігі қазақстандықтар екенін, жұртқа жобалар жайлы "ақпарат дұрыс жетпей жатқанын" мәлімдеген.

2-3 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жергілікті тұрғындар "Қытай жобаларына" қарсылық акциясын өткізді. Кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Семей, Шымкент және тағы басқа қалаларда жаңаөзендіктер талабын қолдаған акциялар өтті. Билік ол акциялар кезінде ешкімді ұстаған жоқ. Алайда сол кезде көзге түскен кей белсенділерді өткен аптадан бастап "митингі туралы заң ережесін бұзғаны" үшін жауапқа тарта бастады: кейбіріне айыппұл салып, кейбірін әкімшілік қамауға алды.

Оқи отырыңыз: Қытай жобаларына қарсы шыққан бірнеше белсенді қамалды
  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG