Accessibility links

Апелляциялық сот "митинг өткізу заңын бұзды" деп айыпталғандардың үкімін өзгертпеді


"Бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп айыпталған Алматы тұрғыны Мұрат Шорманов сотта отыр. 17 қыркүйек 2019 жыл.
"Бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп айыпталған Алматы тұрғыны Мұрат Шорманов сотта отыр. 17 қыркүйек 2019 жыл.

24 қыркүйекте Алматы қаласы апелляциялық соты "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп айыпталған үш белсенді Андрей Пахотновтың, Мұрат Шормановтың және Ермек Қазиевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттыққа олардың адвокаты Салауат Сәскебаев хабарлады.

Бұл күні тағы бір белсенді Геннадий Крестьянскийдің де апелляциялық шағымы қаралуы керек болған. Бірақ ол сот залында қатты ауырып, оны жедел жәрдем алып кеткен.

Крестьянский, Шорманов және Қазиев 4 қыркүйекте Алматы қаласы әкімдігінің алдында "Қазақстандағы Қытай жобаларына" қарсы митингіге қатысқан. Ал Пахотнов 10 қыркүйекте биліктен қамауда отырған "Қазатомөнеркәсібі" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етіп, пикетке шыққан. Сот өткен аптада төрт тұрғынды да "митинг өткізуге рұқсат алмады" деп 15 күнге қамаған.

Қыркүйектің басында бірнеше қалада "Қытайдың Қазақстандағы жобаларына" қарсы наразылық шарасы өткен. Жиынға келгендер биліктен Қытай жобаларынан бас тартуды талап еткен. Ал жаз айларынан бері елде "саяси тұтқындарды" босатуды талап қылған пикеттер мен наразылық акциялары болған. Бұл наразылық шаралары кезінде полиция ешкімді ұстамаған. 15 қыркүйектен кейін сот осы шараларға қатысқан отыздан астам адамды жауапқа тартқан.

1995 жылы қабылданған "Қазақстанда бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" заң бойынша қандай да бір наразылық шарасына өткізгісі келетіндер жергілікті биліктен арнайы рұқсат алуы тиіс. Рұқсатсыз жиындар "заңсыз" деп танылып, оған қатысқандар әкімшілік жауапқа тартылады. Батыс елдері мен құқық қорғаушылар Қазақстанның бейбіт митинг өткізу туралы заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп жиі сынайды.

Биыл Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев митинг туралы заңды өзгерту туралы бірнеше рет айтқанымен, әзірге ел парламентіне заң жобасы түскен жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG