Accessibility links

Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында "киберқауіпсіздік" туралы айтты


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен бірге кеңес отырысында. Нұр-Сұлтан, 25 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен бірге кеңес отырысында. Нұр-Сұлтан, 25 қыркүйек 2019 жыл.

Бүгін, 25 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда Қазақстанның бұрынғы президенті өзі төрағалық ететін Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп, ақпараттық қауіпсіздік жайлы айтты. Бұл туралы экс-президенттің ресми сайты – Elbasy.kz хабарлады.

"Қазір дәстүрлі БАҚ-тан гөрі интернет пен әлеуметтік желілер басым болып тұр. Бір жағынан бұл – жақсы үрдіс. Интернетте танымдық материал көп. Екінші жағынан киберқауіпсіздікке байланысты қатер бар" деді Назарбаев.

"Қазіргі даму жолын жалғастыру керегін" айтқан экс-президент "адамдар қауіпсіздігін де қамтамасыз ету қажет" деді. Ресми сайттың жазуынша, Назарбаев "ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде басқа елдермен тәжірибе алмасу маңызды" деген. Бірақ "қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолы" мен "тәжірибе алмасатын елдер" белгісіз. Бұл туралы Elbasy.kz сайтындағы ақпаратта жазылмаған.

Екі ай бұрын, шілде соңында қазақстандықтар "қауіпсіздік сертификатын орнатып алу" туралы хабарлама ала бастағанда да Қазақстан билігі "ақпараттық қауіпсіздік" туралы айтқан. Нұр-Сұлтан сертификат орнату бастамасын интернет қолданушыларын желідегі қауіптерден, сайттарды ықтимал шабуылдардан, балаларды жағымсыз контенттен қорғау мақсатымен түсіндірген.

Отандық және шетелдік сарапшылардың көбі сертификат ішіне жасырылған технология билікке интернет қолданушының жеке дерегін алуға мүмкіндік береді деп, билік бастамасын сынға алған. Apple, Google мен Mozilla "азаматтардың жеке дерегіне қол сұғуға жол бермейміз" деп, қазақстандық "қауіпсіздік сертификатын" бұғаттады. Қазақстанда сертификаттың енгізілуіне қарсы бірнеше наразылық акциясы өтіп, қолданушыларға хабарлама жібергені үшін байланыс операторының үстінен сотқа шағым бергендер де болды.

Халықаралық ұйымдар мен азаматтар сынынан соң, 6 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік сертификатын сынақтан өткізуге өзі бұйрық бергенін айтты. Ол "Қазақстанның ақпараттық кеңістігін "сыртқы шабуылдардан" қорғау мақсатында "Киберқалқан" бағдарламасы аясында қауіпсіздік сертификаты сынақтан өтті. Сынақ сәтті аяқталды" деп жазды.

Қазақстан үкіметі бірнеше жылдан бері "киберқауіпке қарсы күрес шарасына" аса көп қаржы бөліп келеді. 2018 жылы күш құрылымдарына "әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы қауіп төнгенде немесе төтенше жағдай болғанда" үкімет мен президент байланысынан басқа интернет пен байланыс жүйесін бұғаттау құқығы берілген.

Бұған қоса соңғы екі жылға жуық уақыт бойы Қазақстанда YouTube, Facebook пен Instagram тәрізді танымал сайттар мен мессенджерлер ауық-ауық бұғатталып қалатын болған. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының әлемдегі интернет еркіндігі туралы өткен жылғы есебінде (Freedom on the Net 2018) Қазақстан 65 елдің арасында 46-орында тұр.

Биыл наурызда Қазақстанды отыз жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен президенттіктен кететінін мәлімдеп, орнына сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Назарбаев президенттіктен кетсе де, биліктегі "Нұр Отан" партиясының лидері және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қалған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG