Accessibility links

АҚШ мемлекеттік департаменті "Атажұрт еріктілері" ұйымының тіркелгенін құптады


АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі міндетін атқарушы Элис Уэллс.
АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі міндетін атқарушы Элис Уэллс.

АҚШ мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды қызметкері Қазақстан билігінің Шыңжаңдағы аз ұлттардың қысымға ұшырау мәселесін көтеріп жүрген "Атажұрт еріктілері" ұйымын тіркегенін құптады.

АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі міндетін атқарушы Элис Уэллс Twitter-дегі парақшасында Қазақстанның әділет министрлігінің әрекетін құптап, енді бұл ұйым өкілдері Шыңжаңдағы аз ұлттар мәселесін көтеріп "миссиясын жалғастыра алады" деді.

"Мұндай үлкен проблемаға қарсы тұру үшін "Атажұрт" сияқты халықаралық ұйымдардың үні керек" деді ол.

Осы аптада "Атажұрт еріктілері" ұйымы өздерін Алматы қаласы әділет департаментінің тіркегенін хабарлады. Ұйым бұған дейін бірнеше рет тіркеуге өтініш бергенімен "құжаттарының дұрыс еместігіне" байланысты тіркеле алмаған. Сол үшін "Атажұрт еріктілері" қыркүйек айында департаментті сотқа берген, алайда тіркеуден өткені белгілі болғаннан кейін арызын қайтарып алған.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдан бері Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасалған қысым мәселесін көтеріп, олардың шағымдарын құжатқа түсірумен айналысып келеді.

Ұйым кеңсесінде өткен жиындарда "Қытайдағы "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" қамауда отырғандардың туыстарының арыз-шағымдары айтылып, Қытай билігі қойған шектеулерге байланысты отанына жете алмай отырған этникалық қазақтар мәселесі де көтерілді. "Атажұрт еріктілеріне" лагерьде қамауда болғандар да хабарласқан.

ВИДЕО: Қытайдағы туыстарын іздегендер тағы жиын өткізді ​(Қараша айы, 2018 жыл):

Қытайдағы туыстарын іздегендер тағы жиын өткізді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:53 0:00

Бұл ұйымның бұрынғы жетекшісі Серікжан Біләш биыл, 2019 жылы наурыз айында "әлеуметтік алауыздық тудырды" деген айып тағылып, бірнеше ай Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырды. Оның ісіне халықаралық ұйымдар реакция білдірді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Біләшті босатуды талап еткен акциялар өтті. Тамыз айында Алматы қаласы Әуезов аудандық соты оны қамаудан босатып, 110 мың теңге (шамамен 288 доллар) көлемінде айыппұл салды. Оны қоғамдық ұйымды басқару құқығынан жеті жылға айырды. ​

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде этникалық қазақтарға да қысым көрсетіліп, "саяси лагерь" аталған жаппай қамау орындары пайда болғаны туралы хабар тарай бастаған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барғанда қайта алмай, кейбірі саяси лагерьге алып кеткені жайлы шағымданған.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Жақында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG