Accessibility links

"Нұр Отан" партиясы іскерлік беделіне "нұқсан келтіргендерді" сотқа берді


"НұрОтан" партиясының өкілі Станислав Конкуров. Алматы, 1 қазан 2019 жыл.
"НұрОтан" партиясының өкілі Станислав Конкуров. Алматы, 1 қазан 2019 жыл.

"Нұр Отан" партиясы іскерлік беделін "түсірген" үш белсендіні сотқа берді. "Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетов "НұрОтан" әлеуметтік желідегі парақшалары мен өзге де интернет дереккөздер арқылы жалған ақпарат таратып, мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы қарсаңында "Нұр Отан" партиясына еліміздің азаматтары мен әлемдік қауымдастықтың сенімін азайтуға тырысты,-деп жазылған "Нұр Отан" партиясының сотқа түсірген шағымында.

Сейсенбі күні Алматы қаласы Жетісу аудандық сотында "Нұр Отан" партиясының шағымы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.

Сотқа "Нұр Отан" партиясының өкілі Станислав Конкуров, жауапкер ретінде Санавар Закирова мен Әлнұр Ильяшев және олардың қорғаушысы Маржан Аспандиарова келді. Марат Тұрымбетов денсаулығына байланысты сотқа келе алмайтыны хабарланды. Істі судья Кәкен Қасаболатов жүргізді.

Сот залында "Нұр Отан" партиясының мүшелеріміз деген оннан астам адам қатысты. Олар сот үзілісі кезінде "Нұр Отан" партиясын ақтап, жауапкерлерді айыптай сөйледі.

Жауапкерлердің қорғаушысы Маржан Аспандиарова "Нұр Отан" партиясының өкілдеріне шағымды қайтарып алуды сұрады. Оның айтуынша "жауапкерлер ретінде қарастырылғандар таратқан ақпаратта "Нұр Отан" партиясының беделін түсіретін жайттар жоқ"

/p>


"Нұр Отан" партиясының белсенділер үстінен түсірген шағымында «2019 жылы Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетов "Наше право" партиясын тіркеуге "Нұр Отан" партиясы кедергі жасады» деп жалған ақпарат таратты" деп көрсетілген.

-Олар жалған ақпараттарды 31 мамырда және 29 тамызда Facebook аккаунтарындда жариялаған. Мұндай әрекеттер 951 мың мүшесі бар "НұрОтан" партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтірді. Жалған ақпараттар партия мүшелерінің түсінбеушілігін туғызып, ашу-ызасына тиді, олар әлеуметтік желілер арқылы "Нұр Отан" партиясын заң шегінде жауап қайтаруға шақырды,-деп жазылған.

"Нұр Отан" партиясының шағымына қарағанда бірнеше сайттарда аталған белсенділердің "Наше право" саяси партиясының тіркелмеуіне "Нұр Отан" партиясы жауапты" деген сөздері жариялаған.

-"Саяси партиялар туралы" заңның 10 бабының бірінші тармағында саяси партияларды әділет министрлігі тіркейтіні көрсетілген. "Нұр Отан" партиясының өзге партияны тіркеуге немесе тіркемеуге еш қатысы да, мүмкіндігі де жоқ" делінген.

"Нұр Отан" партиясы Азаматтық кодекстің 43 бабы 1 тармағына сәйкес соттан "аталған азаматтар 10 күн ішінде әлеуметтік желідегі парақшалары мен өзге де дерек көздерде "Нұр Отан" партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтірген ақпараттарды терістеуге міндеттеуді және моральдық өтемақы ретінде 20 миллион теңге өндіруді, нотариус қызметіне жұмсалған 106 940 теңге және 602 525 теңге мемлекеттік алымды төлеттіруді сұраған.

Алдын ала сот тыңдауын жүргізген судья Кәкен Қасаболатов "Нұр Отан" партиясының шағымдарында көрсетілген үш белсендінің әлеуметтік желідегі жазбаларын тексеріп, мән-жайды анықтау үшін Алматы қалалық сот сараптамасы институтының сарапшыларына жіберді.

"Нұр Отан" партиясының шағымында көрсетілген белсенділер биыл көктемде "Наше право" деп аталатын саяси партия құратыны жайлы бірнеше рет мәлімдеген. Белсенділер "партияның құрылтай съезін" өткізеді деген орынды құқық қорғау органдары торуылдаған, белсенділердің өздеріне түрлі кедергі жасаған.

Қазақстан заңы бойынша саяси партия құру үшін оның құрылтай съезіне кем дегенде мың адам қатысып, 40 мың мүшесі болуы керек.

Партия құра алмаған белсенділер оған "Нұр Отан" партиясы мен Алматы әкімдігі кедергі келтірді деп сотқа берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG