Accessibility links

Тіркелмеген партияның өтпей қалған съезі


Тіркелмеген "Наше право" партиясының "құрылтай съезі өтеді" деген жерден тек полиция көліктері көрінді. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.

Саяси партия құратынын жариялаған белсенді "партия съезі болмайды" деп хабарласа да құқық қорғау органдары әуреге салғанын айтады. Бұрын саяси белсенділігімен көзге түспеген белсенді "саяси ұйым құрудың қиындығына" таңырқайды.

Наурыздың 9-ына белгіленген тіркелмеген "Наше право" партиясының құрылтай съезі өтпей қалды. Партия жетекшісі алматылық кәсіпкер Санавар Закирова жұма, 8 наурыздан бері полицияның жұмысына кедергі жасап жатқанына шағымданды.

- Партия құрамын деп едім - түрлі кедергілерге кез болдым. Бүгін партияның съезіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңға жуық адам келуі тиіс болатын. Бірақ өзім ұйымдастырушысы болсам да, съезд өтетін жерге де жете алмай отырмын. Құқық қорғау органдары мені кешеден бері неше түрлі әуреге салып жатыр, - деді Санавар Закирова сенбі күні Азаттық тілшісіне.

Тіркелмеген "Наше право" партиясының жетекшісі Санавар Закирова. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.
Тіркелмеген "Наше право" партиясының жетекшісі Санавар Закирова. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.

Жеке кәсібімен ғана шұғылданатын Санавар Закирова саяси партия құру туралы ойға елдегі әлеуметтік әділетсіздік жетеледі дегенді айтады.

Бұрын айналасындағы он шақты адаммен ғана саяси партия құру туралы ақылдасып келген ол "съезд өтетін күні" серіктерінің көбін таба алмай қалған. Өйткені саяси партия құратыны және съезд өткізетіні жайлы "Егемен Қазақстан" газетіне хабарлама жарияланған соң түрлі қысымдар басталған.

- Бұл шытырман оқиғаға ұқсап кетті, қылмыскерді аңдығандай соңымнан полиция қызметкерлері қалмай жүр, бұрын мұндайды көрмеппін, - деп таңырқайды ол.

Кәсіпкер Санавар Закирова (оң жағында) "съезд өтуі тиіс" болған орында тұр. Жанында белсенді Серік Оспанов және "съезд үшін Қарағандыдан келдім" деп айтқан азамат тұр. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.
Кәсіпкер Санавар Закирова (оң жағында) "съезд өтуі тиіс" болған орында тұр. Жанында белсенді Серік Оспанов және "съезд үшін Қарағандыдан келдім" деп айтқан азамат тұр. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.

Азаттық тілшісі Санавар Закированың 9 наурыз күні бастан кешкендеріне біршама куә болды.

"СЪЕЗД АЛДЫНДАҒЫ ШЫРҒАЛАҢ"

Санавар Закирова наурыздың 8-і күні "Наше право" халықтық партиясы Алматы қаласында құрылтай съезін өткізетіні туралы" әлеуметтік желіде алдын ала хабарлаған. Сол күні түске қарай әлі тіркелмеген партияның бағдарламасын әлеуметтік желіде жариялаған.

Ал түстен кейін бірнеше рет полиция көлігі тоқтатқан. Өзін тоқтатқан сәттердің бәрін Санавар Закирова Facebook әлеуметтік желісінен тікелей эфирде көрсеткен.

Оның Facebook-те жарияланған видеоларында өзін "учаскелік инспектормын" деп таныстырған полиция қызметкерінің "Санаварды Бостандық ауданы прокурорының жай ғана әңгімелесу үшін шақырғаны" жайлы айтқаны көрінеді. Бірақ шақыру қағазы жоқ болғандықтан полиция қызметкері кетуге мәжбүр болған.

Алайда Санавар Закирова Алматы қаласы полиция басқармасына шақыру қағазын кешке қарай бәрібір алған. Күн бата бірнеше полиция көлігі тоқтатып, сол арада шақыру қағазын толтырып берген. Facebook-тағы видеода департаментке нақты кімнің шақырғанын айта алмай тұрған полиция қызметкерлері көрінеді.

Санавар Закирова полиция бөлімшесінде Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы жетекшісінің орынбасары Бауыржан Тулбеков пен Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Дәулет Есдәулетовпен кездескенін айтады. Олар "әлеуметтік желіге "съезд болмайды" деп жазыңыз, съезд өтетін жерге бармаңыз" деп қайтарған.

Санавар Закирова үйіне барғаннан кейін, партия съезін өткізетін орын ретінде алдын ала келіскен "Атакент" көрмесіндегі "Жар-Жар" кафесінің "электр қуаты ажырап қалды" деген хат алған. Хатта "электр қуатының қысқа тұйықталудан соң ажырап қалғанын арнайы мамандар тексеріп, қорытынды шығарғаны" да көрсетілген.

- Билік өкілдерінің талабын және съезд өткізу үшін ақшасы төленген кафенің бас тартқанын ескеріп, съезд болмайтыны туралы Facebook әлеуметтік желісінде хабарладым. Бұл хабарды естімегендерге өзім түсіндірейін деп "Жар-жар" кафесінің алдына баратынымды жаздым,-дейді ол.

"КАФЕГЕ ЖЕТУ ОҚИҒАСЫ"

Санавар Закированың съезд өткізу хикаясы наурыздың 9-ы күні таңертең қайта жалғасқан. Санавардың айтуынша Алматы прокуратурасының өкілі ретінде хабарласқан қызметкер "съезд өткізуге ешқандай қарсылық жоқ екенін, бірақ көздеген кафе жабық тұрғанын, ал ашық жерде жиын өткізу митинг болып саналатынын, ол үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін" ескерткен. Бұл әңгімені де жазып алған Санавар Закирова оны Facebook-ке жариялаған.

Бірақ Санавар Закирова қалай болғанда "Жар-Жар" кафесінің алдына бару үшін таңертең көлігіне отырғанда полиция қызметкерлері тоқтатып, Алматы қалалық ішкі істер департаментіне шақыру қағазын ұстатқан.

"Жар-Жар" кафесі алдында тұрған полиция көліктері. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.
"Жар-Жар" кафесі алдында тұрған полиция көліктері. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.

Ал телефонмен сөйлескен Санаварға "шақыру қағазына қол қойған полиция қызметкері ондай қағазды білмейтінін, ешкімді шақырмағанын" айтқан. Осыдан кейін Санавар Закирова үш сағаттай үйінде кідіре тұруды ұйғарған.

Бұл кезде Азаттық тілшісі "Жар-Жар" кафесінің алдында тұр еді. "Сағат 12-де тіркеу басталады" десе де келген ешкім байқалмады.

Партия съезі өтуі тиіс болған мейрамхана. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.
Партия съезі өтуі тиіс болған мейрамхана. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.

Кафе айналасында полиция қызметкерлерінің 7-8 көлігі мен ОМОН қызметкерлері отырған автобус және рация ұстап, формасыз жүрген оннан астам адам көзге түсті.

Бірнеше сағат күткеннен кейін Азаттық тілшісі Санавар Закироваға хабарласып, мән-жайды сұрастырды. "Үй алдында полиция қызметкерлері тұр, далаға шықсам алып кетуі мүмкін" деген соң Азаттық тілшісі оның үйіне барды. Подъезд алдында Санавар Закирова мән-жайды айта бастағанда бірнеше полиция қызметкері келіп, өздерімен бірге жүруді өтінді.

ВИДЕО: Санавар Закированың оқиғаны Азаттық тілшісіне түсіндіруі. (Алматы, 9 наурыз 2019 жыл).

Партия съезін өткізе алмаған кәсіпкер полицияның кедергі жасағанын айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

Азаттық тілшісінің "Санавар Закированы не себептен алып кетпексіздер?" деген сұрағына олар "сұрағыңызды Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне қойыңыз" деп жауап берді. Ізінше белсендіні әкетуден айныған полиция қызметкерлері кетіп қалды да, Санавар Закирова "Жар-Жар" кафесіне қарай жолға шықты.

Азаттық тілшісінен "Жар-Жар" кафесіне жарты сағаттай бұрын жеткен Санавар Закирова өзін "қалалық ішкі істер департаментіне әкетпекші болғандар ілесе келіп, осы жерде сыртынан бақылап тұрғанын" айтты. Алайда Санавар кафе алдына келгенімен съезге шақырған "мыңдаған" адам көрінбеді, үш-төрт адам ғана тұрды.

Партия съезі өтуі тиіс болған мейрамхана есігі сенбі күні таңертең мөрмен бекітіліп тұрды. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.
Партия съезі өтуі тиіс болған мейрамхана есігі сенбі күні таңертең мөрмен бекітіліп тұрды. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.

"Осы съезд үшін Қарағандыдан келдім" деген жасы елуден асқан әйел Азаттыққа аты-жөнін айтудан бас тартты. Ал Оралдан келген белсенді Серік Оспанов съезд өтетіні туралы алғашқы хабарды "Егемен Қазақстан" газетінен оқығанын айтты.

- Партия құрылады, мыңға жуық адам жиналады, Қазақстанда бір өзгеріс жасай аламыз деп сеніп келіп едік, кафеміз жабық тұр,- деп таңырқады ол.

"МЫҢ АДАМ ҚАЙДА?"

Санавар Закирова Азаттық тілшісімен сөйлескенде "съезге мыңға жуық адам келетінін" айтқан еді. Бірақ ол өзі шақырған адамдардың не себептен келмегенін түсіндіре алмады.

Оның сөзінше, "партия съезі өтетіні жайлы ұйымдастырушы топ алдын ала әлеуметтік желіде хабарлаған, таныстарына айтқан, бес жүзге жуық адаммен телефон арқылы сөйлескен, бірақ облыстарда, аудандарда жергілікті ұйымдары болмағандықтан съезге делегат сайланбаған".

- Біз сөйлескен адамдар съезге жиналуға сескенетінін түсіндік, сонда да қоғам белсенділігіне сендік. Еліміздің қазіргі жағдайына наразылар көп, көп адам жиналады деп ойладық. Бұрын он адам жиын өткізіп, хаттамасын әділет министрлігіне өткізгенбіз. Министрлік бізге съезд өткізуге екі ай уақытымыз бар екенін айтқан. Осы съезден кейін әр өңірде бөлімше ашып, партия мүшелерін анықтайтын едік, - дейді ол.

Телефонмен сөйлесіп тұрған кәсіпкер Санавар Закирова. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.
Телефонмен сөйлесіп тұрған кәсіпкер Санавар Закирова. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.

Санавар Закирова бұрын саясатпен белсенді шұғылданбаған, қоғамдық белсенділігімен де көпшілікке таныла қоймаған. Оның сөзінше Қазақстандағы басқа саяси күштермен, оппозициядағы саясаткер, белсенділермен де таныстығы жоқ.

"Жармахан Тұяқбай жетекшілік ететін оппозициялық жалпы ұлттық социал-демократиялық партия іс жүзінде көрінбейді" деп сынаған ол қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтің басшылығымен құрылып, тіркелмеген және Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын да қолдамайтынын айтады.

- Билік оны "экстремистік ұйым" деп есептеген соң, оған жоламаймыз,-дейді.

Оның сөзіне қарағанда әлі тіркелмеген партияның мақсаты - Қазақстанды парламенттік басқаруға көшіру, бір адамның екі реттен артық президент болып сайлануына жол бермеу, тек заңда рұқсат етілген жолдармен билікке конструктивті оппозицияда болу.

Азаттық тілшісі Санавар Закировамен сөйлесіп тұрғанда сағат үштен асты. Ал съезд өтуі тиіс кафе алдында полиция қызметкерлерінен басқа ешкім көрінбеді. Бірақ ол партия құру туралы шешімінен бәрібір бас тартпайтынын айтады. Мереке күндердегі демалыс аяқталған соң баспасөз мәслихатын өткізіп, тіркелмеген партияға жасалған қысымды халыққа жарияламақшы.

"Съезд өткіземіз" дегеннен бастап әбігерге түскен кәсіпкер жабық кафе алдынан қайтарда кафе айналасында жүрген белгісіз адамдар да, полиция да оған кедергі жасамады.

СЪЕЗД АЛДЫНДА ҰСТАЛҒАН БЕЛСЕНДІ

Азаттық тілшісі осы материалды жазып отырғанда Санавар Закирова телефон соғып, өзін қолдаушы белсенділердің бірі Әлнұр Ильяшевпен кездескенін, "оның дін аман екенін" хабарлады. Түрлі белсенділігімен көзге түсіп жүрген Алматы тұрғыны Әлнұр Ильяшевті 9 наурыз күні таңертең полиция қызметкерлерінің алып кеткені жайлы хабар тараған еді.

- Қылмыстық іске куәгер боласың деп шақырып, бірнеше сағат ұстады. Санавар Закированың идеясын қолдаушылардың бірі едім. Съезге қатысады деп күдіктенген болуы керек. Өйткені, жиынға қатысуы мүмкін белсенділерді алып кетіп, бірнеше сағаттан соң босататынын білемін, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісі партия съезі мен белсенділердің ұсталуына байланысты Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымен жауап ала алмады.

"Наше право" партиясының съезі туралы ақпарат ақпан айында "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған еді. Қазақстан заңына сай, партия құрғысы келгендер алдымен құрылтай жиналысын өткізуі тиіс. Оған кем дегенде мың адам қатысуы керек. Саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында 40 мың мүше болуы шарт.

Қазір Қазақстанда алты партия тіркелген. Олардың үшеуі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан", билікке жақын "Ақ жол" мен Коммунистік халық партиясы парламентке өткен.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG