Accessibility links

Сот "митингіге қатысты" деп айыпталған үш белсендіні ақтады


"Митингіге қатыспағандарын" дәлелдегісі келген үш белсенді (солдан оңға қарай): Әйгерім Мұхамеджанова, Әлия Ізбасарова және Жанбота Әлжанова. Нұр-Сұлтан, 11 шілде 2019 жыл.
"Митингіге қатыспағандарын" дәлелдегісі келген үш белсенді (солдан оңға қарай): Әйгерім Мұхамеджанова, Әлия Ізбасарова және Жанбота Әлжанова. Нұр-Сұлтан, 11 шілде 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "9 маусымда билікке қарсы наразылық шарасына қатысқаны үшін" айыппұл салынған үш белсендінің ісін тоқтатты.

Жанбота Әлжановаға қатысты сот шешімі 2 қазанда шықты. Сот Әлия Ізбасарова және Әйгерім Мұхамеджанованың ісін 3 қазанда тоқтатты. Сот қаулысында белсенділердің әкімшілік құқық бұзғанына дәлел табылмағандықтан іс тоқтады деп жазылған. Сот оларды әкімшілік жазаға тартпақ болған құзырлы орган уәждерін негізсіз деп тапты.

10 маусымда әкімшілік сот Әлия Ізбасарова, Әйгерім Мұхамеджанова және Жанбота Әлжанованы "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп айыптап, әрқайсына 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 мың теңге, шамамен 130 доллар) көлемінде айыппұл салған. Олар сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

16 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласындағы апелляциялық сот олардың арыздарын қанағаттандырмаған еді. Бірақ “істе жаңа деректер анықталғандықтан" оларға бірінші сот инстанциясына қайта шағымдануға кеңес берген. Қыркүйек айының басында әкімшілік сот белсенділерді әкімшілік жазаға тарту туралы маусым айында шыққан сот шешімінің күшін жойды.

- Сот үш қыз келтірген бұлтартпас дәлелдерден бас тарта алмады. Үшеуі де ақталып шықты. Іс толық қысқартылды, - деді адвокат Василий Садықов Азаттық тілшісіне.

Полиция Әлжанова, Ізбасарова мен Мұхамеджанованы қамалғандарға сәлемдеме апарып беру үшін 9 маусымда кешке "Байқоңыр" полиция бөлімшесіне барғанда ұстап әкеткен. Оларды Нұр-Сұлтаннан 70 шақырым жердегі Шортанды ауылына апарып, әкімшілік жазаға тартқан.

9-13 маусым аралығында Алматы мен Нұр-Сұлтанда ресми дерек бойынша, рұқсат етілмеген митингіге қатысқан төрт мың адам ұсталды. Жүздеген адам әкімшілік жазаға тартылды. Наразылар кезектен тыс президент сайлауының қорытындысына күмән келтіріп, әділ сайлауды талап етті.

Билік "сайлау ресми нәтижесі бойынша, "Нұр Отан" партиясы атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыз дауысқа ие болып, жеңіске жеткенін" хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG