Accessibility links

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы қызметінен кетті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Дархан Қанатбеков қызметінен босатылды. Бұл ақпаратты 9 қазанда ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оның міндетін уақытша комитет төрағасының бірінші орынбасары Теңізжан Жәнібеков атқарады.

Қанатбеков биыл 4 сәуірде қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы болып тағайындалған. Оған дейін бұл қызметті Азамат Бәзілбеков атқарды, ол наурыз айында "жемқорлық дауына" байланысты қызметінен кетті.

Наурыз айының басында жергілікті БАҚ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Бекболат Төремұратовтың "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша ұсталғанын хабарлаған. Кейбір ақпарат агенттіктері оған Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы болып жүрген кездегі "қылмысы үшін айып тағылғанын" жазды.

4 қазанда Орал соты "бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаржыны жымқырды" деп айыпталған Бекболат Төремұратовты кінәлі деп тауып, екі жылға бас бостандығын шектеді. Бірақ ізінше оны рақымшылықпен жазадан босатты.

Осыдан екі ай бұрын интернетте Алматы облысы ЛА-155/8 мекемесіндегі азаптау туралы видео тараған. Видеода түрме қызметкері мен тұтқындар формаcын киген бірнеше адамның бір азаматты ұрып жатқаны көрінеді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті кейінірек түрменің жеті қызметкері "жазаланғанын" хабарлап, дегенмен мұндай оқиғалар Қазақстан түрмелерінде сирек кездесетінін мәлімдеді.

Қазақстан билігі тұтқындар мен түрмелер саны азайғанын, жемқорлықпен күрес бағдарламаларының жүзеге асып жатқанын айтады. Ал құқық қорғаушылар жазалау мекемелері азайғанмен азаптау мен өз-өзіне зақым келтіру фактілері толастамай тұрғанын айтады.

Оқи отырыңыз: "Түрмелер азайғанымен азаптау көбейді"

Қазақстанда жемқорлық бойынша шенеуніктер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар амнистиямен босатылады. Қаңтар айында жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 124-орында (неғұрлым көп болса, соғұрлым нашар) тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG