Accessibility links

Алматыда Денис Тенді еске алу турнирі басталды


Денис Тенді еске алу жарысына қатысып жатқан қазақстандық Багдана Рахишова. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.
Денис Тенді еске алу жарысына қатысып жатқан қазақстандық Багдана Рахишова. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.

10 қазанда Алматыда мәнерлеп сырғанаудан «Денис Теннің мемориалы» атты халықаралық турнир басталды.

Жарысты «Денис Тен қоры» мен халықаралық коньки спорты одағы (ISU) ұйымдастырып жатыр. Турнирге 11 елден спортшылар қатысады. Олардың арасында ресейлік жаттықтырушылар Алексей Мишин, Этери Тутберидзе мен Елена Водорезованың (бұрын Денис Тенді жаттықтырған) шәкірттері бар.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері 12 қазанда анықталады. Осы күні «Халық арена» спорт кешенінде жеңімпаздар мен мәнерлеп сырғанаудан танымал спортшылар қатысатын гала-концерт өтеді.

Жарысты ұйымдастырушылардың сөзінше, 2011 жылғы қысқы Азиада мен 2017 жылғы универсиаданы есептемегенде, мұндай жарыс Алматыда бұрын өтпеген. Ұйымдастырушылар турнирді тұрақты ұйымдастыруды көздейтінін айтады.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда ауруханада қайтыс болған. Көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болған спортшыны екі адам пышақтап кеткен.

17 қаңтарда Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты спортшы Денис Теннің қазасына айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты 18 жылға, Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырған.

Спортшының құрметіне Алматыда естелік тақта мен ескерткіш қойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG