Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанның халықаралық әріптестері АҚШ пен Еуроодақты Қазақстан үкіметінің отбасындағы әлімжеттік оқиғаларын қылмыс ретінде қарастыруына ықпал етуге шақырды. 17 қазанда жариялаған зерттеу мақаласында ұйым Қазақстанда отбасында әлімжеттік көрген әйелдердің заңмен қорғалмағанын, олардың әділ сотқа сирек қол жеткізетінін жазады.
Құқық қорғау ұйымы Қазақстан үкіметі отбасындағы әлімжеттікті жеке қылмыс ретінде танитындай Қылмыстық кодекске арнайы бап енгізуі тиіс дейді. Бұған қоса жазаның "келтірген зақымға сәйкес" болуын қадағалауы керек деп санайды.
"Қазақстанда әйелдердің зорлық-зомбылықсыз, қорлауға ұшырамай еркін өмір сүруіне құқығы бар. Билік олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бұл сала бойынша халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындауға күш салуы керек" деді HRW ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Виктория Ким.
2017 жылы Қазақстан отбасындағы әлімжеттікке қатысты баптарды Қылмыстық кодекстен алып тастаған. 2017 жылы 3 шілдеде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев "Сабау" және "Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру" баптарын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы түзетулерді қабылдаған. Бұл түзетулерге дейін отбасындағы әлімжеттік оқиғалары қылмыс ретінде қаралған. Кінәлілер 226 900 теңге мен 453 800 теңге аралығында айыппұл төледі немесе екі айға дейін қамалды. 2017 жылдың шілде айынан бастап, айыппұл көлемі бірнеше есе азайды, қамалу мерзімі де 20 күнге дейін қысқарды.
HRW мәлімдемесінде Қазақстан заңнамасы іс жүзінде зәбір көрсетушілерге "ақша төлеп, күш көрсетуге құқық береді" деп жазған. Жәбірленушілер арасында сауалнама өткізген құқық қорғаушылар бұл айыппұлдың отбасы бюджетінен төленетінін, соның салдарынан тұтас отбасы зардап шегетінін айтқан.
HRW жазуынша, 2009 жылы Қазақстанда қабылданған "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" заңда "отбасындағы әлімжеттік" ұғымына анықтама берілгенмен заңда да, Қылмыстық кодексте де әлімжеттік үшін жеке қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған.
Қазақстан билігінің дерегінше, 2018 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты шағымдар саны 2015 жылмен салыстырғанда 104 пайызға көбейген.
Құрамында 16 үкіметтік емес ұйымы бар "Дағдарыс орталықтарының одағы" ұйымы дерегінше, жыл сайын Қазақстанда отбасындағы әлімжеттіктің салдарынан жүздеген әйел көз жұмады. Әрбір сегіз отбасының бірінде әлімжеттік кездеседі. Ресми дерек бойынша, 2017 жылы Қазақстанда 18 бен 75 жас аралығындағы әйелдердің 17 пайызы күйеуінен не бұрынғы күйеуінен таяқ жеген не жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Құқық қорғау ұйымының айтуынша, халықаралық құқық мемлекеттен отбасындағы әлімжеттікті қылмыс ретінде жазалауды талап етеді және істі қозғау мен айғақтарды жинау міндетін жәбірленуші жақ емес, арнайы мемлекеттік органдардың мойнына жүктейді.
Ал Қазақстандағы айыппұл төлеу жүйесі "іс жүзінде зәбір көрсетушіге ақша төлеп, күш көрсетуге құқық береді" және "адам өлімі сияқты күрделі салдары болмайынша мемлекет көз жұма қарауға дайын дегендей сыңай танытады" делінген HRW мақаласында.
HRW үкіметтің әйелдерді отбасындағы әлімжеттіктен заңмен қорғамауы Қазақстанның адам құқығы саласында алған міндеттемелеріне қайшы келеді деп есептейді.
21 қазан мен 8 қараша аралығында Женевада әйелдерге қатысты дискриминацияны жою жөніндегі комитетте Қазақстандағы әйелдер құқығының қорғалуы мәселесі қаралмақ. Зерттеу мақала осы жиын қарсаңында жарияланып отыр.
ПІКІРЛЕР