Accessibility links

Чилиде жолақының қымбаттауына байланысты наразылық жалғасып жатыр


Сантьяго орталығы. 19 қазан 2019 жыл.
Сантьяго орталығы. 19 қазан 2019 жыл.

Чили президенті Себастьян Пиньера тәртіпсіздікке байланысты Сантьягода төтенше жағдай жариялады. Жолақының қымбаттауына байланысты туындаған наразылықтың жалғасып жатқанына екі күннен асты.

BBC сайтының хабарлауынша, жексенбіге қараған түні Сантьягодағы супермаркеттердің бірінде болған атыстан үш адам қаза тапты. Наразылықтың екінші күні тұрғындар баррикада құрып, автобустарға от қойды. Полиция наразыларға көзден жас ағызатын газ бен су шашты. Қала мэрі жағдайдың хаосқа айналғанын айтты.

Полицияның дерегінше, наразылық кезінде 300-ден астам адам ұсталған, 150 полицей және 11 тұрғын жараланған.

Төтенше жағдайға байланысты орталық көшелерді танктер мен сарбаздар күзетті. Сантьягодағы наразылықтан кейін елдің өзге қалаларында да билікке қарсы акциялар басталған.

Жолақының қымбаттауы (1 доллар 13 центтен - 1 доллар 17 центке жетуі) Чили тұрғындарының әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздікке наразылығын өршітті. Тұрғындардың басым бөлігінің жалақысы 770 долларға да жетпейді. Сыншылардың пікірінше, президент немересінің туған күнінен түсірілген сурет билік пен халық жағдайы арасында үлкен айырмашылық бар екенін дәлелдей түскен.

Сантьяго мэрі наразылықтың салдарынан қала бюджетіне бір миллиард 400 миллион доллар шығын келгенін айтты. Ол бұған дейін президенттен "қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында" шара қолдануды сұраған.

Бірнеше күн бұрын студенттер жолақының қымбаттауына наразылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG