Accessibility links

Сот "қаржы жымқырды" деп айыпталған белсендінің үкімін өзгеріссіз қалдырды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

23 қазанда кешке Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы "Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу" бабымен сегіз жылға сотталған Түркістан облыстық "Қоғамдық келісім" мекемесінің бұрынғы басшысы, белсенді Мұхтар Мұхамбетжанның апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл ақпаратты сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Осылайша судья Ербол Жанғазин Әл-Фараби аудандық сотының тамыз айында шығарған үкімін өзгеріссіз қалдырды. Алғашқы инстанцияда сот "Зорлау" бабы бойынша белсендіні ақтап шығарған еді. Судья Ербол Жанғазин "белсендіні зорлау оқиғасы бойынша ақтауға болмайды" деп алғашқы үкімге қарсы апелляциялық шағым түсірген прокурордың өтінішін де қанағаттандырмады.

Сот үкімін тыңдап болған белсенді тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты. Судья үкімді түсіндіріп жатқанда «адвокаттың қатысуынсыз қорқытып мойындатты, бәрі өтірік, жала» деді. Сот Мұхамбетжанға әуелі ескерту жасап, соңынан сот залынан шығарып жіберді. Сотталушымен бірге оның туыстары да сот залынан шығып кетті.

«Жоғарғы сотқа шағым түсіреміз. Өтірік. Қазақстанда шындық жоқ» деді сотталушының туысының бірі айқайлап.

2 тамызда Әл-Фараби аудандық соты белсендіні "Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу" бабымен кінәлі деп танып, сегіз жылға соттаған. Қалалық соттың баспасөз қызметі Мұхамбетжанның "бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде иемденіп алғаны сотта дәлелденді" деді. Сот үкіміне сәйкес, одан мемлекет есебіне 29 миллион теңгеден аса қаражат өндіріледі.

16 сәуірде басталған сот отырыстары жабық өткен. Бұған дейін соттың баспасөз қызметі істе зорлау айыбы болғандықтан процестің жабық өтетінін айтқан. Жәбірленуші тараптың кім екені айтылмады. Сәуір айының ортасында іс басталған кезде Мұхамбетжан Азаттыққа тергеу кезінде өзіне "қысым жасалғанын" айтқан.

Мұхтар Мұхамбетжан қылмыстық істі қоғамдық белсенділігімен байланыстырады. Ол - аймақтағы мәселелерді көтеріп, түрлі қоғамдық шараларға қатысып жүрген белсенді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG