Accessibility links

Адвокат: "Тұтқындарды азаптау оқиғасына" байланысты тергеу баяу жүріп жатыр


Адвокат Гүлнара Жуаспаева "тұтқындарды азаптау" оқиғасына байланысты Алматыда өткен баспасөз жиынында. 24 қазан 2019 жыл.
Адвокат Гүлнара Жуаспаева "тұтқындарды азаптау" оқиғасына байланысты Алматыда өткен баспасөз жиынында. 24 қазан 2019 жыл.

Адвокат Гүлнара Жуаспаева Алматы облысы ЛА 155/14 колониясында сәуір айында болған "тұтқындарды азаптау" оқиғасына байланысты тергеудің өте баяу жүріп жатқанын хабарлады. 24 қазанда Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі бюрода баспасөз жиынын өткізген адвокат "азаптауға шағымданған" 20-дан астам тұтқынның жартысынан көбі арызынан бас тартқанын айтып, мұны "қысыммен" байланыстырды. Оның айтуынша, бір жарым айдан кейін қозғалған іс бір тоқтап, қайта жалғасқан.

- 29 сәуірден бастап, барлық инстанцияларға жіберген арыздарымыздың негізінде тек 6 маусымда ғана Қылмыстық кодекстің 146 бабы ("Азаптау") бойынша іс қозғалды. Бұған сол уақытта Заречныйдағы 155/8 колониядағы ұрып-соғу фактісіне қатысты шыққан видеомен басталған тексеріс те өз әсерін тигізді. Алайда тексеру мейлінше жылдам өтіп, көп ұзамай іс тоқтатылды. Бірақ шағымымыздан кейін қыркүйектің 2-де іс қайта қозғалды, - деді адвокат Жуаспаева.

"Азаптау" бойынша шағым түсірген тұтқындар мен "оларды ұрып-соқты" деп күдікке ілінген колония қызметкерлерінің бір мекемеде жүргені адвокатты алаңдатып отыр.

- Әу баста жиырмадан аса адам азаптауға қатысты шағым түсірген, қазір тек он адамның ғана арызы өз күшінде қалды. Қалғаны бас тартып отыр, - деген Гүлнара Жуаспаева оларға "қысым көрсетілген болуы мүмкін" деп болжайды.

"Тіпті бүгінгі баспасөз жиынына келуі тиіс болған жазасын өтеп, жақында түрмеден босап шыққан үш адамның тек біреуі ғана келгені де күдік тудырады" дейді ол. Адвокат тергеу кезінде арыз жазған сотталушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және бұл іске қатысы болуы мүмкін колония қызметкерлерін уақытша қызметтен шеттетуді сұрады.

24 қазанда Азаттық тілшісі бұл іске байланысты қылмыстық атқару жүйесі комитетіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

23-24 сәуірде Алматы облысы Заречный елді мекеніндегі ЛА 155/14 түзету мекемесінде "жоспарланған тінту шаралары" жүріп, колонияға әскер кіргені туралы ақпарат шыққан. Ізінше ондаған адамның соққыға жығылғаны хабарланды. Ал колония басшысы Бауыржан Қалымов Азаттыққа мекемені түрменің жеке құрамы мен ұлттық гвардия жасақтары тінтіп жатқанын айтып, "сотталғандар құқығы бұзылып жатқан жоқ" деп айтқан.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда түрмелер саны азайғанмен азаптау тыйылмай келеді дейді. 2019 жылы қаңтар мен мамыр айы аралығында Азаптауға қарсы коалицияға 53 адам шағымданған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл фактілердің кейбірі ғана сотқа жеткен.

Осыдан екі ай бұрын интернетте Алматы облысы ЛА-155/8 мекемесіндегі азаптау туралы видео тараған. Видеода түрме қызметкері мен тұтқындар формаcын киген бірнеше адамның бір азаматты ұрып жатқаны көрінеді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті кейінірек түрменің жеті қызметкері "жазаланғанын" хабарлап, дегенмен мұндай оқиғалар Қазақстан түрмелерінде сирек кездесетінін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: "Азаптау" видеосынан соң түрме басшысы қызметтен кетті

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдерінің үкіметтері Қазақстанды бірнеше рет түрмедегі азаптауды жоюға шақырған. Наурыз айында қабылданған Еуропарламент резолюциясында Қазақстанда "сотталушылар мен күдіктілерді азаптаған адамдардың жазасыз қалуы қалыпты жайтқа айналып барады" делінген. АҚШ мемлекеттік департаменті биыл жариялаған адам құқығы ахуалына арналған баяндамасында да түрмедегі азаптау мәселесін айтып өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG