Accessibility links

Бұрынғы премьер-министр Ахметов мерзімінен бұрын толық босатуды сұрады


Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов (ортада) сот залында отыр. Қарағанды, 25 қазан 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов (ортада) сот залында отыр. Қарағанды, 25 қазан 2019 жыл.

2015 жылы жемқорлық бабы бойынша сотталған Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов өзін мерзімінен бұрын толық босатуды сұрады. Екі жыл бұрын Ахметовтің түрме жазасы бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырылған еді.

25 қазан күні Қарағандыда басталған сот отырысына бұрынғы шенеунік пен оның адвокаты келді. Сотқа пробациялық бақылау қызметінің өкілі де қатысты.

- Серік Ахметов шығынды толығымен өтеді, заң бұзған жоқ. Мерзімінен ерте босатуға қажетті барлық шарт орындалған. Оны негізгі және қосымша жазадан босатуды сұраймыз, бес жыл мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салу туралы шектеуді де алып тастауды сұраймыз, - деді адвокат Николай Лесник.

Прокуратура өкілі Ахметовтің өтінішінің орындалуына қарсы болды.

- Оның толық түзеліп шыққанын дәлелдейтін қажетті дерек жоқ, - деді прокурор.

Қарағанды қаласының қылмыстық істер жөніндегі Қазыбек аудандық сотының судьясы Манат Жұмақаева тараптардың пікірін тыңдап, сот үкімі сағат 15.00-де оқылатынын айтып, сот залынан шығып кетті.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, елдің бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметов 2015 жылғы желтоқсанда "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "өкілетін асыра қолданды" деп айыпталып, 10 жылға сотталған. Ахметов сот барысында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Сот оның дүние-мүлкін тәркілеп, бес жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған.

2016 жылы наурызда апелляциялық инстанция Серік Ахметовтің жазасын 10 жылдан 8 жылға азайтқан. 2017 жылы қаңтар айында оның жазасының өтелмеген мерзімінің төрттен бірі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша азайтылған.

Түрме жазасы бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырылған Серік Ахметов екі жылға жуық түрмеде қамауда отырып, 2017 жылы 21 қыркүйекте бостандыққа шықты.

2015 жылы онымен бірге бірқатар жоғары лауазымды қызмет атқарған шенеуніктер де сотталды. Бұл іс бойынша негізгі айыпталушылар түрме жазасын алды, бірақ кейінірек жазасы жұмсартылды.

Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылған шененіктер амнистиямен немесе мерзімінен жиі ерте босатылып жатады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG