Accessibility links

Сот Серік Ахметовтің өтінішін қанағаттандырмады


Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов (ортада) сот залында отыр. Қарағанды, 25 қазан 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов (ортада) сот залында отыр. Қарағанды, 25 қазан 2019 жыл.

Қарағанды соты бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің бас бостандығын шектеу жазасынан шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырмады. Екі жыл бұрын Ахметовтің түрме жазасы бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырылған еді.

Бұрынғы шенеунік сот шешімімен келіскен жоқ, бірақ пікірін айтпады. Оның жазадан толық босату туралы өтінішін қылмыстық істер жөніндегі Қазыбек аудандық сотының судьясы Манат Жұмақаева қарады.

Прокурор Әсем Тергеубекова бүгін таңертең сотта "оның толық түзеліп шыққанын дәлелдейтін қажетті дерек жоқ" деп Ахметовтің өтінішін қанағаттандырмауды сұраған еді. Ал қорғау тарабы Ахметовтің шығынды толық өтегенін, мерзімінен бұрын босап шығуға қажетті барлық шарттар орындалғанын айтқан.

Бүгін сот отырысының басында Серік Ахметов журналистерге жылы шырай танытып, сот отырысы барысында қалжың да айтып қалды. Бірақ сот үкімі шыққан соң пікір айтпай, сот залынан шығуға асықты. Көшеде оны көлік күтіп тұрды. Ол сотқа журналистердің қатысуына қарсы болған жоқ. Ахметовті қолдау үшін отырысқа оның туысы да қатысты. Журналистердің "интернет қолданушылардың пікірін оқисыз ба?" деген сұрағына Ахметов "үнемі оқи бермеймін" деп жауап берді.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, елдің бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметов 2015 жылғы желтоқсанда "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "өкілетін асыра қолданды" деп айыпталып, 10 жылға сотталған. Ахметов сот барысында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Сот оның дүние-мүлкін тәркілеп, бес жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған.

2016 жылы наурызда апелляциялық инстанция Серік Ахметовтің жазасын 10 жылдан 8 жылға азайтқан. 2017 жылы қаңтар айында оның жазасының өтелмеген мерзімінің төрттен бірі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша азайтылған.

Түрме жазасы бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырылған Серік Ахметов екі жылға жуық түрмеде қамауда отырып, 2017 жылы 21 қыркүйекте бостандыққа шықты.

2015 жылы онымен бірге бірқатар жоғары лауазымды қызмет атқарған шенеуніктер де сотталды. Бұл іс бойынша негізгі айыпталушылар түрме жазасын алды, бірақ кейінірек жазасы жұмсартылды.

Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылған шененіктер амнистиямен немесе мерзімінен жиі ерте босатылып жатады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG