Accessibility links

"Қытай экспансиясына" қарсы митинг өткізуге рұқсат ала алмаған белсенді пикет өткізді


Әлима Әбдіровамен сөйлесіп тұрған Ақтөбе қалалық әкімдік өкілдері. "Кеспе" (орысшасы - "лапша") деген жазуы бар плакат ұстаған белсендінің түсіндіруінше, бұл "биліктің өтірігіне" қарсылық ретінде жазылған. Ақтөбе, 15 қараша 2019 жыл.
Әлима Әбдіровамен сөйлесіп тұрған Ақтөбе қалалық әкімдік өкілдері. "Кеспе" (орысшасы - "лапша") деген жазуы бар плакат ұстаған белсендінің түсіндіруінше, бұл "биліктің өтірігіне" қарсылық ретінде жазылған. Ақтөбе, 15 қараша 2019 жыл.

15 қарашада түске дейін Ақтөбе қаласы әкімдігінің алдында құқық қорғаушы, белсенді Әлима Әбдірова жалғыз адамдық пикет өткізді. Құқық қорғаушының түсіндіруінше, Ақтөбе қаласы әкімдігі 19 қарашада "Қытай экспансиясына" қарсы митинг өткізуге рұқсат бермей, акция өткізетін балама орынды да ұсынбаған. Белсенді бүгінгі пикетті жергілікті биліктің осы шешіміне қарсылық ретінде өткізіп отырғанын айтты.

Әбдірованың айтуынша, ол әкімдікке митинг өткізу туралы өтінішті 6 қарашада берген. Заң бойынша, ұйымдастырушы оған дайындалып үлгеру үшін жауапты 13 қарашада беруі тиіс болған. Бірақ әкімдік 14 қарашада жауап берген.

"Әкімдік бұрынғы филармония ғимаратының алдында 19 қарашада президент күніне орай дайындық шарасы өтеді дейді. Мен бұған сенбеймін, себебі бұл қандай да бір бес жылдық немесе он жылдық шара емес. Жемқорлыққа қарсы митинг өткізуге рұқсат берген әкімдік Қытай экспансиясына қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді. Неге? Себебі "Қытай экспансиясы" - халықаралық мәселе, биліктің осал тұсы болғандықтан маған ешқашан рұқсат бермейді" деді пикет кезінде Әлима Әбдірова Азаттық тілшісіне.

Пикет басталғаннан кейін шамамен 40 минут өткеннен кейін қалалық әкімдіктен өзін Қамбар Мұқашева және Гүлназ Сейсенова деп таныстырған қызметкерлер Әлима Әбдіроваға келіп, "мәселені іште талқылауға" шақырды. Олар да "19 қарашада дайындық шарасы өтетінін" қайталап айтып, митинг өткізуге тағы өтініш беруге болатынын жеткізді. Әбдірова ішке кірген жоқ. Оқиғаны полиция қызметкерлері бақылап тұрды. Шамамен бір сағат уақыттан кейін Әлима Әбдірова плакатын жиып, үйіне кетті.

2-3 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жергілікті тұрғындар "Қытай жобаларына" қарсылық акциясын өткізді. Кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Семей, Шымкент және тағы басқа қалаларда жаңаөзендіктер талабын қолдаған акциялар өтті. Полиция бастапқыда акцияға қатысқандарды ұстамаса да, кейінірек олардың басым бөлігіне айыппұл салып, қамады.

Наразылар биліктен Қытаймен бірлесіп жүзеге асыратын жобаларға тыйым салуды, көрші елден қарыз алмауды, экономикалық қарым-қатынасты шектеуді талап етті. Ал билік Қазақстанға "Қытай экспансиясының" қаупі төніп тұрмағанын, Қытаймен бірлесіп ашылған зауыттардың арқасында аймақта жұмыс орындары көбейгенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG