Accessibility links

Белсенді Дулат Ағаділді қамаудан босатпады


Белсенді Дулат Ағаділ (ортада). 15 қараша 2019 жыл.
Белсенді Дулат Ағаділ (ортада). 15 қараша 2019 жыл.

"Полицияға бағынбады" деп айыпталып, 10 күнге қамалған белсенді Дулат Ағаділді уақытша қамау орнынан босатпады. 21 қарашада түс кезінде Ақмола облысы Ақмол кентіндегі уақытша қамау орнының алдына оны қарсы алу үшін барған туыстары, белсенділер, достары Ағаділді көре алмады. Белсенді Ербол Есхожиннің Азаттыққа айтуынша, түскі 12.30 шамасында изолятор қызметкері шығып, "сот қаулысына сәйкес Ағаділдің тағы бес күн қамау орнында отыратынын" айтқан.

"Изолятордан бір қызметкер шықты. Осындай сот қаулысы бар, тағы бес күн осында болады деді. Біз адвокатымен сөйлестік. Ол да растады. Сот қаулысына сәйкес, ол тағы бес күн отырады деп бәрін түсіндіріп берді" деді Ербол Есхожин.

Белсендінің адвокатының айтуынша, бұған дейін Ағаділдің үстінен сот отырыстарының бірінде "сотқа құрмет көрсетпегені үшін" әкімшілік іс қозғалып, 8 қарашада оны бес күнге қамау туралы қаулы шыққан. 18 қарашада Көкшетау соты бұл іс бойынша апелляциялық шағымды қарап, өзгеріссіз қалдырған. Бес күндік жазасын өтеуі үшін бүгін сол үшін оны қамауда қалдырған. Ағаділді 25-26 қарашада босатуы мүмкін.

42 жастағы Дулат Ағаділ азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтардың сақталуын талап етіп жүрген белсенді ретінде танымал. Ол билікке наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауда болған. Соңғы рет қарашаның 4-і күні Ақмол кентінде "сотқа апармақ болған полицияның заңды талабына бағынбаған" деген айып тағылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалған.

13 қарашада Дулат Ағаділдің тергеу изолятордан "қашып кеткені" туралы ақпарат шыққан. Ішкі істер министрлігі оның "өз бетімен изолятордан шығып кеткенін" айтса, жақтастары ресми орындардың дерегіне күмән келтіріп, Ағаділ отырған изоляторға да барып, түсініктеме беруді талап еткен. 14 қарашада Ағаділ Нұр-Сұлтандағы бас прокуратураға өзі кезіккен "заңсыздықтарға" шағымдану үшін барған кезде полиция сол жерден ұстап әкетті. Сол жерде жақтастарымен сөйлесіп үлгерген Ағаділ "заңсыздық пен қудалау қашуға мәжбүр етті" деп айтқан.

Оқи отырыңыз: Жазықсыз қудалау мен заңсыздық қашуға мәжбүр қылды

15 қарашада полиция "қамау орнынан өз еркімен кеткені үшін" Ағаділді Әкімшілік кодекстің 669-бабы бойынша ("Сот шешiмiн орындамау") жауапқа тартып, Целиноград аудандық соты 14 қарашада босап шығуы тиіс болған Ағаділге тағы алты күн қосып берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG