28 қарашада парламенттің төменгі палатасы "педагог мәртебесі туралы заң жобасын" мақұлдады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, 19 баптан құралған заң жобасы бір жарым миллионнан астам мұғалімнің жұмысына қатысты. Құжат негізінен төрт бағыт бойынша өзгеріс жасауды көздейді: жүктемені азайту, педагог қызметіне талапты күшейту, материалдық тұрғыда ынталандыру және материалдық емес механизмдер.
Министрдің айтуынша, оқылым кезінде заң жобасындағы мұғалімдер елдің қоғамдық экономикалық дамуына үлес қосуы керек деген бөлік алынған, себебі заңның бұл бөлігін кейбір басшылар "асыра пайдалануы мүмкін" деген күдік айтылған. Заң жобасында мұғалімдерді кәсібіне қатысы жоқ жұмысқа тартқан кез келген басшы немесе қызметкерге 20-120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазір мұғалімдер орташа жалақы көлемінің 65 пайызын ғана алады. Егер заң жобасы жыл соңына дейін қабылданса, келесі жылдан бастап, мұғалімдердің жалақысын 25 пайыздан бастап өсіру көзделген.
"Мұндай жұмыстар қаңтар айынан басталады. Сынып жетекшісі болғаны үшін және дәптер тексергені үшін үстемақыны екі есеге ұлғайту бұл 182 мың педагогты қамтиды. Сонымен бірге мұғалімдердің демалысын 56 күнге дейін ұлғайту көзделген. Қазір олар 42 күн демалады" деді министр. Оның айтуынша, бес жыл ішінде заңды жүзеге асыру үшін 5,3 триллион теңге қаражат қажет.
Қазақстанда мұғалімдер міндетінен тыс жұмысқа жегілетіндерін, директорлар мемлекеттік газеттерге қинап жаздыратынын айтып, жиі шағымданады. 2017 жылы елдегі мұғалімдер Астанадағы ЭКСПО көрмесіне күштеп билет алғандарын жеткізген.
Оқи отырыңыз: Заң жобасынан мұғалімдер үміт күтпейді
Алматы облысының Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылдық мектебінің мұғалімі Айман Сағидулла да бірнеше рет еркінен тыс сенбілікке шыққанын, сайлау кезінде әр үйді аралап, ауыл тұрғындарын сайлауға шақырғанын айтқан. Ол "өзіне қысым жасаған" мектеп директорымен соттасып, жеңген.
Шымкенттің Еңбекші аудандық сотының судьясы Света Нұрбекова №38 мектептің мұғалімі, "міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін" айтқан Гүлжан Сәлімбаева мектеп басшысын сотқа берген. Бірақ сот оның шағымын қанағаттандырмаған.
Қазақстанды 30 жыл басқарып, биыл президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев та бұған дейін бірнеше рет "жергілікті биліктің барлық жұмысты мұғалімдер мойнына артып қоятынын" сынаған. Парламентте де депутаттар бұл мәселені көтерген. Бірақ мұғалімдер әлі күнге дейін еркінен тыс жұмысқа жегіледі.
Биыл маусымда үкімет "Педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қоғамдық талқыға шығарған.
ПІКІРЛЕР