Apple компаниясы "даулы шекараны белгілеу" саясатын қайта қарастыратынын мәлімдеді. Бұған дейін Apple қосымшаларының бірінде Украинаға тиесілі Қырым түбегі "Ресей территориясы" ретінде көрсетіліп, компания өткір сынға ұшыраған. Мұндай өзгерісті тек Ресей аумағынан ғана көруге болады, ал Ресейден тыс жерде Қырымның қай мемлекетке тиесілі екені көрсетілмеген.
Apple компаниясының баспасөз хатшысы Труди Мюллер 29 қарашада Reuters агенттігіне компанияның "даулы шекараларды белгілеген кезде басшылыққа алатын принциптерді терең зерттейтінін" мәлімдеді. Мюллердің айтуынша, Apple компаниясы Ресейдегі жаңа заңға байланысты қосымшаға өзгеріс енгізген және оның Ресей қолданушыларына ғана қатысы бар.
"Картада топонимикалық атауларды белгілемей тұрып, біз әуелі халықаралық құқық пен АҚШ және өзге елдердің заңдарын қарастырамыз. Егер заң талап етсе, онда өзгеріс енгіземіз" деді ол Reuters агенттігіне. Мюллердің айтуынша, Apple болашақта бұл саясатты қайта қарауы мүмкін. Бірақ ол жоспар жайлы толық айтпады.
АҚШ-тың Ресей мен Украинадағы елшіліктері әзірге Азаттыққа түсініктеме бермеді.
Apple қосымшасына АҚШ, Украина және Еуропаның кейбір елдерінен кірген қолданушыларға түбек маңындағы мемлекетаралық шекара көрінбейді. Ресейде ғана Қырым түбегі Ресей аумағы ретінде көрсетілген.
Украинаның Вашингтондағы елшілігі бұған дейін Азаттыққа Apple компаниясына жағдайды түсіндіруді талап етіп, хат жолдағанын айтқан. Олар түбекті дұрыс белгілеуді сұраған. Елшілік Twitter-дегі парақшасында "Қырым - бұл Украина аумағы, оны Ресей басып алған, бұл оған тиесілі территория емес. Бәріміз бірігіп, Apple-ға осыны еске салайық" деп жазды.
Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайко Twitter-дегі парақшасында Apple-ды "халықаралық саясаттан мүдіргені үшін" сынаған.
Ресейдің мемлекеттік думасының қауіпсіздік және жемқорлықпен күрес комитетінің төрағасы Василий Пискарев Apple-дің қадамын жылы қабылдап, компания сервистерін "Ресей заңына бейімдеді" деп мәлімдеді.
Ресей Украина аумағындағы Қырым түбегінде 2014 жылы референдум өткізіп, аннекcиялап алған. Халықаралық қауымдастық референдум нәтижесін мойындамайды.
ПІКІРЛЕР