Accessibility links

Ақ үй импичмент бойынша конгресс тыңдауына қатысудан бас тартты


Ақ үй. Көрнекі сурет.
Ақ үй. Көрнекі сурет.

Ақ үй АҚШ конгресі өкілдер палатасының импичмент бойынша тыңдауына қатыспайтынын мәлімдеді. "Америка дауысы" сайтының жазуынша, Ақ үй заңгері Пэт Чипполоне өкілдер палатасының заң комитетінің жетекшісіне хат жолдап, хатта демократтардың зерттеуін "мүлде негізсіз" деп сипаттаған. Онда заңгер сонымен бірге заң комитетінің тыңдауында "тіпті дәлелдің үзіндісі де" көрсетілмеді деп жазған.

5 желтоқсанда өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси заң комитетіне импичмент баптарын яғни, президент Дональд Трампқа тағылатын ресми айыптарды әзірлеуді тапсырған. Құжат 12 желтоқсанға дейін дайын болуы тиіс.

АҚШ президенті Дональд Трампқа импичмент жариялау ықтималдығы туралы зерттеу жүргізген АҚШ конгресі өкілдер палатасының комитеті 3 желтоқсанда зерттеу қорытындысы туралы есеп жариялаған еді. Құжатта Трамптың "өкілетін асыра пайдаланғаны", сонымен бірге конгрестегі зерттеуге "кедергі жасағаны" айтылады.

АҚШ-та импичмент дауы Трамптың 25 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған. Америкалық басылымдар Трамп 2020 жылы өтетін сайлауда бәсекелесі болуы ықтимал Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға Зеленскийді мәжбүрлемек болған деп жазды. Сыншылар Трампты "қызмет өкілетін асыра пайдаланып, ықтимал бәсекелесіне қарсы дерек табуға тырысты" деп айыптады. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме мазмұны белгілі болған соң АҚШ Конгресі өкілдер палатасындағы демократтар Трампқа "сертін бұзғаны үшін" импичмент жариялау процесін бастаған. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский өзіне Трамптың қысым жасамағанын айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG