Accessibility links

Прокуратура "Oyan, Qazaqstan" белсенділеріне "митингіге шықпау жайлы ескерткен"


Ділдә Рамазан, "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының мүшесі.
Ділдә Рамазан, "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының мүшесі.

Алматыда "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері Ділдә Рамазан мен Бауыржан Сәбит өздеріне Медеу және Бостандық ауданының прокурорымыз деп таныстырған азаматтар келіп, 16 желтоқсанда өтеді деп хабарланған митингіге шықпауды ескерткенін айтты.

- Кеше [9 желтоқсанда] Бостандық ауданының прокуроры хабарласып, келіп кетуімді сұрады. "Не үшін баруым керек?" деп сұрадым. Ол "Мен сізге шақырту қағазын жіберген жоқпын, тек келіп кетіңіз, сөйлесейік. 16 желтоқсанда митинг болады деген ақпарат шығып жатыр" деді. Бүгін [10 желтоқсанда] түсініксіз нөмерлерден көп хабарласты. Кейін мен жұмысқа барғанымда Медеу аудандық прокуратурасының өкілі келді. 16 желтоқсандағы митинг туралы айтты. "Ақпарат тарап жатыр, митингіге шыққан үшін жауапкершілік бар. Осыны білетін боларсыз" деді. Осындай жолмен ескерту жасағысы келді, - деді белсенді Ділдә Рамазан.

Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Молдажан белсендіні прокуратураға шақырғанын растады, бірақ митинг туралы ескерту жасамағанын айтты.

- Оларға ешқандай ескерту жасаған жоқпын. Өз жұмысыммен хабарласқанмын. Сөйлестім. Мен ол кісімен [митинг] туралы сөйлеспедім, - деді прокурор.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының тағы бір белсендісі Жанель Ахметова Vласть сайтына Бостандық аудандық прокуратурасынан шақыртылғанын айтқан. Ол прокуратура шақырту қағазын бермегендіктен барудан бас тартқан. Белсендінің сөзінше, прокуратур ол жұмыс істейтін кеңсеге келіп, 16 желтоқсанда митингіге шығуға болмайтынын айтып кеткен.

"Ол бір қағазға қол қоюымды сұрады. Бірақ бас тарттым. Ол "16 желтоқсанда сізді көрмеймін деп үміттенемін" деді. Прокурор сыпайы сөйлеп тұрды, бірақ органнан келсе бәрібір – стресс. Ешқандай қорқыту болған жоқ, бірақ ол 16 желтоқсанда күзет күшейетінін айтты" деді белсенді Vласть сайтына.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысы 16 желтоқсанда "Қазақстан азаматтарына қатысты қуғын-сүргінді тоқтату талабымен" Алматыдағы Республика алаңына шығатындарын айтқан. Дәл осы күні елде қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы да жұртты митингіге шақырған.

Қазақстанда бейбіт митингіге шығу үшін азаматтар жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Билік өзі рұқсат етпеген митингілердің барлығын "заңсыз" деп санап, оның қатысушыларын әкімшілік жауапқа таратады.

10 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда сот 26-27 қарашада Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында "рұқсат етілмеген" бейбіт акцияға қатысқан бірнеше белсендіні 10-15 күнге қамаған.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтаннан азаматтардың бейбіт митингіге шығуына кедергі келтірмей, заңды өзгертуді сұраған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет бейбіт митингіге шығу заңы өзгеретінін айтқанымен, әзірге өзгеріс жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG