Accessibility links

ҰҚК өкілі: "Шекараны заңсыз кескен" екі қазақ жайлы айтқанымды дұрыс түсінбеген


"Қытайдан қашып келген" қазақтар Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.
"Қытайдан қашып келген" қазақтар Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған этникалық қазаққа байланысты жуырда айтқан сөзіне түсініктеме берді. Бұған дейін шекара қызметінің басшысы Қытайдан Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтарылады деп мәлімдеп, қоғамда оның айтқаны қызу талқыланған еді. Ділмановтың түсіндіруінше, оның айтқандарын "дұрыс түсінбеген".

- Мені дұрыс түсінбеді. Мен бұл екі азаматқа қатысты сот шешім шығаруы тиіс, сот қалай шешсе солай болады деп айтқанмын, - деді 11 желтоқсанда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Дархан Ділманов.

Қоғамда қызу талқыланған пікірін Ділманов 6 желтоқсанда ҰҚК жариялаған видеосұхбатта айтқан.

"Сот және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары түгелдей аяқталғаннан кейін біз бұл азаматтарды мейлі Қытай болсын, мейлі басқа мемлекет болсын, келген еліне қайтарамыз. Нақты бұл жағдайда біз Қытай Республикасына шекаралық өкілдік қызметі арқылы тапсырамыз. Әрі қарай көрші мемлекет мәселемен өзі айналысады" деген Дархан Ділманов.

Ал Мұсаханұлы мен Әлімұлының адвокаты Ләззат Ахатова шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановтың айтқандарымен келіспейтінін айтып, Қазақстан заңы бойынша "іс толық аяқталмай, сот шешім шығармай, Қастер мен Мұрагерді ешкім ешқайда қозғай алмайды" деп мәлімдеген. 9 желтоқсанда Алматыда бірқатар белсенділер Қазақстан билігінен Қытайдан қашып келген екі этникалық қазақты Қытайға бермеуді талап еткен.

Қазан айының басында Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазан айының ортасында ҰҚК оларды "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Өткен аптада адвокат Ләззат Ахатова Азаттық тілшісіне тергеу амалдары аяқталғанын, іс материалдарымен танысып жатқанын хабарлаған. Адвокат Өскеменде қамауда отырған екі жігіттің Қытайда қалған туыстарына қысым жалғасып жатқанын да айтқан.

Адвокат: Қытайдан қашқан екі қазақтың ісі бойынша тергеу аяқталды, олардың Қытайдағы туыстарына қысым жалғасып жатыр

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенді бұған дейін баспасөз жиынын өткізіп, егер Қытайға қайтарылса, екеуінің өміріне қауіп төнетінін айтып, Қазақстан билігінен оларға босқын мәртебесін беруін сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG