Accessibility links

Қоғам белсенділері Шыңжаңнан қашып келген екі қазақты Қытайға бермеуді талап етті


Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен этникалық екі қазақ - Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеу жөніндегі баспасөз жиыны. Оңнан солға қарай: Жанболат Мамай, Төлеген Жүкеев және Ырысбек Тоқтасын. Алматы, 9 желтоқсан 2019 жыл.
Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен этникалық екі қазақ - Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеу жөніндегі баспасөз жиыны. Оңнан солға қарай: Жанболат Мамай, Төлеген Жүкеев және Ырысбек Тоқтасын. Алматы, 9 желтоқсан 2019 жыл.

Алматыдағы халықаралық адам құқықтары бюросында қоғам белсенділері Жанболат Мамай, Ырысбек Тоқтасын және Төлеген Жүкеев баспасөз жиынын өткізіп, Қытайдан қашып келген екі этникалық қазақ - Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеуді талап етті. Олар өткен аптаның соңында ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановтың аталған екі қазақ Қытайға қайтарылатыны жайлы сөзіне наразылық білдірді.

Өздерін "Қазақстанның демократиялық партиясын құрушы бастамашыл топ" ретінде таныстырған қоғам белсенділері "Қастер мен Мұрагерді Қытайға қайтаруға болмайды, олар Қытайда өлім жазасына кесілуі мүмкін", - деп санайды.

Жанболат Мамай 2009 жылы Шыңжаңдағы этникалық ұйғырлар қарсылығы күшпен басылғаннан кейін Қазақстаннан пана сұрап келген ұйғыр азаматы Аршидин Исраилдың хабарсыз кеткенін еске салды.

- Аршидин Исраил телефон, интернет арқылы Шыңжандағы бассыздықтар туралы әлемге ақпарат таратты. 2010 жылы басына қатер төнгеннен кейін Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті. Қазақстан оны дереу түрмеге қамап, 2011 жылы Қытайға қайтарып берді. Ол азаматтың содан кейінгі тағдыры белгісіз, - деді Мамай.

Саясаткер Төлеген Жүкеев "екі этникалық қазақты қорғау – қазақ қоғамының борышы" деп санайды.

- Егер қазір оларға қорған бола алмасақ, кейін өзімізді де қорғай алмаймыз. Біз Сайрагүл Сауытбайды қорғай алмадық. Олар шекараны еріккеннен кесіп өтпейді, амалсыздан заңсыздыққа барады, - дейді ол.

Баспасөз жиынын өткізгендердің айтуынша, этникалық екі қазақтың ісі сотқа жетпей тұрып ҰҚК-нің мәлімдеме жасауын құптауға болмайды.

Желтоқсанның алтысына ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының Қытайға қайтарылатынын хабарлаған еді.

"Сот және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары аяқталғаннан кейін бұл азаматтарды келген еліне қайтарамыз. Оларды Қытайдың шекара өкілдігіне тапсырамыз. Әрі қарай көрші мемлекет өзі айналысады" деген болатын.

Қазан айының басында Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстан "шекарасынан заңсыз өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазан айының ортасында ҰҚК оларды "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Осыдан бірнеше күн бұрын адвокат Ләззат Ахатова Азаттық тілшісіне тергеу амалдары аяқталғанын, іс материалдарымен танысып жатқанын хабарлаған. Адвокат Өскеменде қамауда отырған екеудің Қытайдағы туыстарына қысым жасалып жатқанын айтқан.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенділер бұған дейін де баспасөз жиынын өткізіп, Қазақстан билігінен оларға босқын мәртебесін беруді сұраған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG