Accessibility links

ІІМ Тәуелсіздік күні қарсаңында белсенділердің ұсталуына байланысты түсініктеме берді


Алматыда Тәуелсіздік күні қарсаңында "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, қамалған белсенділердің бірі Асхат Жексебаев жалғыз адамдық пикетте тұр. Қараша айы, 2019 жыл.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Тәуелсіздік күні қарсаңында белсенділердің ұсталуына байланысты түсініктеме берді.

Бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған оннан астам белсенді қамалған еді (Кейбір дерек бойынша олардың саны 20-дан асады). Кейбір құқық қорғаушылар мен белсенділер мұны Тәуелсіздік күні өтуі мүмкін шеруді "болдырмау амалы" деп есептейді.

- Біріншіден, митингілер әлі басталған жоқ... Бірақ [бұған дейін болған митингілер бойынша] әкімшілік материалдар бар. Ондай бізде күнде-күнде болып жатыр ғой. [Ұстаулар жайлы] Кім айтты сізге? - деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген министр Ерлан Тұрғымбаев.

Қазақстан соты қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы 16 желтоқсанда жұртты наразылыққа шақырған.

2018 жылы Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, осы қозғалыстың жетекшісі Мұхтар Әблязов ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Бұған дейін бір топ белсенді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне барып, 16 желтоқсан қарсаңында өздерін қудаламауды, тергемеуді талап еткен. Ал полиция қылмыстық іс бойынша бөлімшеге шақырылып жүрген белсенділерді тергеушілердің "қажет кезінде шақыртатынын" айтып, заң аясында жұмыстарын жалғастыра беретінін айтқан.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін қоғамдық-саяси мәселелерді көтеріп жүрген азаматтық белсенділерді қудалады деп жиі сынайды.

Оқи отырыңыз: "Шерудің алдын алмақ". Билік белсенділерді тағы қамады

Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы Қазақстан тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Экономист: Дағдарыс ұзаққа созылып, жұмыссыздар көбеюі мүмкін
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG