Accessibility links

Алматыда белсенділер блогер Жанар Ахметті Қазақстанға экстрадицияламауды сұрады


Бір топ белсенді блогер Жанар Ахметті Қазақстанға қайтармауды сұрады. Алматы, 8 қаңтар 2020 жыл.

8 қаңтарда Алматыда бір топ белсенді Тәуелсіздік монументі алдына жиналып, әуелі ұшақ апатына байланысты украин халқына көңіл айтты. 8 қаңтарда таңертең Тегеран әуежайы маңында "Украина халықаралық әуе желісі" компаниясына тиесілі Boeing 737-800 ұшағы құлап, кемінде 176 адам қаза болған.

Бұдан соң жиналғандар Украина билігіне үндеу тастап, Киевте тұрып жатқан қазақстандық блогер Жанар Ахметті Қазақстанға экстрадицияламауды сұрады. Олар блогерді еліне қайтарған жағдайда "қуғын-сүргін күтіп тұрғанын" айтты. Кейбір белсенділердің қолында "Жанар Ахметті экстрадициялау - Қазақстан билігі жендеттерінің саяси тапсырысы", "Жанар Ахметті бермеңдер" деген жазуы бар плакаттар болды.

"Республика" алаңына блогер Жанар Ахметті қолдап келген топ. Алматы, 8 қаңтар 2020 жыл.
"Республика" алаңына блогер Жанар Ахметті қолдап келген топ. Алматы, 8 қаңтар 2020 жыл.

Белсенділер қазірдің өзінде "Қазақстанда пікірін ашық айтып жүрген адамдарды қудалау" жүріп жатқанын айтты.

- Қазақстан өзін демократиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекет деп атағанмен шын мәнінде біз мұны көріп отырған жоқпыз. Сәл белсенділік таныта бастасақ болды, бізді қамай бастайды. Міне, бүгін шыққан адамдардың көбін 15 тәулікке қамайды, - деді белсенді Асхат Жексебаев.

Ол қала ортасында көп уақыттан бері "саяси тұтқындарды" босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізіп келеді.

Бұдан соң жиналғандар "Экстрадицияны тоқтат!" деп айқайлады.

Бұл жерге сәлден соң Бостандық аудандық прокуратурасы мен қалалық әкімдік өкілдері келіп, жиналғандарға "жиынның заңсыз екенін" ескертіп, тарауын сұрады. Бірақ белсенділер тараған жоқ.

Қазақстан билігінен қуғын көргенін айтқан бірнеше жылдан бері Киевте тұрып жатқан қазақстандық блогер Жанна Ахмет бірнеше сағат бұрын Facebook-тағы парақшасында Қазақстан билігінің "алаяқтық" ісі бойынша өзін Украинадан сұратып жатқанын хабарлаған.

Қазақстан билігі бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме бермеді.

Алматыда тұрған және пробациялық бақылауда болған Жанна Ахмет 2017 жылы наурызда Украинаға кетіп қалып, сол елден саяси баспана сұраған. Ол Қазақстаннан "саяси себеппен қуғынға ұшырағандықтан" қашып кеткенін айтқан еді. Украинада жүріп ол әлеуметтік желілерде Қазақстан билігі туралы сыни жазбалар жариялаған.

Оқи отырыңыз: Блогер Жанар Ахмет "қамаудан босатылды"

Қазақстан билігі бұған дейін де Украина билігінен блогерді экстрадициялауды сұраған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG