9 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы Есіл қалалық сотының апелляциялық сот алқасы "Азат шаңырағы" жеке меншік пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Виктория Коробовскаяның үстінен жазылған кооператив мүшелерінің шағымын қарады.
2019 жылдың 22 қарашасында №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкенов Виктория Коробовскаяға қатысты бір топ "Азат шаңырағы" жеке меншік пәтер иелері кооперативі тұрғындарының жазған арызы бойынша "көпшіліктің алдында ар-намысымызға тиді" деп Қылмыстық кодекстің 131-бабының 2-тармағына сай қозғалған қылмыстық істі қарап, оны Коробовскаяның пайдасына шешкен еді. Тұрғындардың айтуынша, 23 cәуір 2019 жылғы "Азат шаңырағы" жеке меншік пәтер иелері кооперативінің бұрынғы төрағасы Қайырлы Омарға қатысты сот процесінде Виктория Коробовская 12 тұрғын үй иелерін "бақташы керек бір отар қойға" теңеген.
- Біздің қалаған адамды төрағалыққа сайлауға құқымыз бар. "Қайырлы Омар ісінен" соң әр түрлі органдардан келіп бізді қорқытты. Осылайша сайлай ма төрағаны? Менің де намысым бар, мен ол айтқандай "мисыз мал" емеспін. Мен оған қарсымын және оған жаза тағайындауды сұраймын, - деді "Азат шаңырағы" кооперативіне қарайтын үйлердің бірінің тұрғыны Күнсұлу Исентаева.
Оның сөзін жиналған басқа тұрғындар да қоштап сөйлеп, наразылық білдірді. Сотқа Виктория Коробовскаяның өзі қатыспады. Оның адвокаты Ержан Нұрпейісов Азаттыққа "Коробовскаяның былтырғы сот процесінде ондай сөзді айтқаны рас, бірақ оның ойында біреудің намысына тию болмағандын" айтты.
Судья Бақытжан Тоғанбаев Виктория Коробовскаяның кінәсіздігі туралы Сарыарқа сотының шешімін өзгертпеді.
- Оның кінәсі дәлеленденген жоқ. Мен видеожазбаны қарап шықтым, онда Виктория Коробовская "бір отар қой" деген сөзі үшін екі рет кешірім сұраған, - деп түсіндірді судья Бақытжан Тоғанбаев.
2012 жылы құрылған "Азат шаңырағы" жеке меншік пәтер иелері кооперативі - Нұр-Сұлтандағы аты танымал кооперативтердің бірі. Оның құрамында 5000 адам тұратын 12 көп қабатты үй кіреді. Кооператив мүшелері сайлаған бұрынғы төраға Қайырлы Омар "өкілеттігін асыра пайдаланды" деген айыппен қазан айында екі жылға сотталған.
Оқи отырыңыз: Апелляциялық сот Қайырлы Омардың үкімін өзгертпеді
Ал кооператив мүшелері былтырдан бері оның орнына келген Нұр-Сұлтан тұрғыны Виктория Коробовскаяны сайламағандарын, өздері сайлаған төраға Қайырлы Омарды орнында қалдыруды, ол түрмеден шыққанша уақытша басқа төраға сайлауға мүмкіндік беруді талап етіп, соттасып келеді. Виктория Коробовскаяның өзі Азаттыққа бұған дейін "заңды түрде сайланғаны" туралы айтқан болатын.
"Азат шаңырағы" жеке меншік иедері кооперативі тұрғындарының адвокаты Василий Садықов сот шешімін қолына алған соң кассациялық шағым түсіретінін айтады.
ПІКІРЛЕР