Accessibility links

Сот тәуелсіз бақылаушылардың апелляциясын қанағаттандырмады


Апелляциялық шағым беруге келген тәуелсіз бақылаушылардың бір тобы Есіл қалалық сотының күту залында отыр. Нұр-Сұлтан, 14 қаңтар 2020 жыл.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы «Тәуелсіз бақылаушылар альянсы» қоғамдық ұйымын себепсіз тіркемей отыр деп әділет министрлігі үстінен арызданған бір топ белсенді бақылаушылар тобының апелляциялық арызын қанағаттандырмады.

Соттан кейін Азаттыққа пікірін айтқан «Тәуелсіз бақылаушылар альянсы» ұйымының төрағасы Жанбура Баекин билік тәуелсіз бақылаушылардан қорқып отыр деп санайды.

- Біздерді әділетсіз өткен сайлау біріктірді. Содан кейін ресми ұйым құрып, кейінгі сайлаулардың әділ өтуіне қатаң бақылау жасағымыз келген. Бірақ біресе ұйым мүшелерінің салықтан қарызы бар, жарғы дұрыс емес, біресе аттас ұйым бар деген түрлі сылтау көлденең шығып отыр. Енді қабаттасып тіркелген басқа ұйым жойылса, біз қайта тіркеуге береміз, - дейді ол.

Жанбура Баекин былтырдан бері «Тәуелсіз бақылаушылар альянсы» қоғамдық ұйымын тіркете алмай жүргенде тағы бір сондай аттас ұйым пайда болғанын, бірақ ол ұйымының төрағасы ретінде тіркелген Мәлика Тасболатованың енді ол ұйымды жабумен айналысып жатқанын айтты.

Зейнеткер әрі көп балалы ана Мәлика Тасболатованың өзі Азаттыққа бұл ұйымның басына бәле болғанын айтып, барлық құжаттарын өткізгенін, енді шамамен қаңтардың соңына таман жабылып қалатынын мәлімдеді.

- Былтыр тамызда «Шапағат» базарынан азық-түлік алып келе жатқанымда менімен 70- автобусқа ілесе мінген белгісіз екі жігіт қал-жағдайымды сұрап осындай «Тәуелсіз бақылаушылар альянсы» деген ұйым құрсақ жұмыс істейсіз бе деген. Мен келісе салдым. Құжатымды суретке түіріп алып кетті. Қыркүйекте дайын құжатты халыққа қызмет көрсету орталығынан алып кеттім. Артынша мені полицияға шақырып біреу сотқа бергенін айтты. Содан бері осы ұйымды жабумен жүрмін, - деді Мәлика Тасболатова.

Былтыр 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауына белсене араласып бақылау жасаған белсенділер және еріктілер Нұр-Сұлтан мен Алматыда бюллетеньдерді топтап салу, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень беру сияқты түрлі заңбұзушылықты анықтаған. Бақылаушылар сайлаудан кейін хаттамалар мен аумақтық комиссия жариялаған дерек арасында елеулі айырмашылық бар екенін айтып, наразылық білдірген еді.

Сайлаудан кейін кейбір тәуелсіз бақылаушылар тобы бірігіп, қоғамдық ұйым ретінде тіркелуді жоспарлаған. Бұған дейін әділет министрлігіне тіркелуге бірнеше рет өтініш бергенін айтқан республикалық "Тәуелсіз бақылаушылар альянсы" ресми органның қоғамдық ұйымды үш рет тіркеуден бас тартқанын айтқан еді. Қазан айында Нұр-Сұлтан соты министрліктің әрекетін заңсыз деп тануды, дәл сондай атпен тіркелген ұйымның тіркелуін жарамсыз деп тануды сұраған "Тәуелсіз бақылаушылар альянсының" өтінішін қанағаттандырмаған.

Оқи отырыңыз: Жастар бақылаушы санын 10 мыңға жеткізуге шақырды

ЕҚЫҰ Қасым-Жомарт Тоқаев жеңген президент сайлауында көптеген заңбұзушылықтар болғанын хабарлады. ТМД бақылаушылары елеуге тұрарлық заңбұзушылық болмады деп мәлімдеді. Қазақстанның бас прокуратурасы сайлау нәтижесіне күмән келтіретіндей ірі заңбұзушылық болмады деді.

Сайлау күні бірқатар қалаларда қарсылық акциялары өтіп, наразылар сайлауға бойкот жариялауға шақырды. Сайлау өткеннен кейін оның қорытындысына наразылық білдірді. Полиция 9-12 маусым күндері Алматы мен Нұр-Сұлтанда 4 мыңнан астам адамды ұстап, шамамен мың адам әкімшілік жазаға тартылды.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG