Accessibility links

Прокурор Әлімұлы мен Мұсаханұлын бір жылға соттап, елде қалдыруды сұрады


Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) мен Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) сотта тұр. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

Прокурор "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын әрқайсысын бір жылға соттауды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы "жеңілдетілген мән-жайларды ескеріп" соттан оларды Қытайға қайтармауды өтінді.

Ал қорғау тарабы оларды кінәсіз деп танып, қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Адвокат Ләззат Ахатова екі жігіттің Қытайдағы қысымнан қашып, "шекараны заңсыз кесіп өтуге" мәжбүр болғанын айтты. Сотта өздеріне тағылған айыптарды толық мойындаған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы өздерін Қытайға қайтармауды сұрады. Судья Оспанова Нұр-Сұлтан уақытымен 16:00-де үкім оқылатынын айтып, кеңесу бөлмесіне кетті.

21 қаңтарда Зайсандағы сотқа Қазақстанның түрлі аймағынан көп адам жиналған. Бірақ олардың бір бөлігі сот залына сыймай қалды. Олар сот ғимаратының сыртында өздерін ішке кіргізуді талап етіп, "Бостандық!" деп айқайлады. Бірақ арнайы жасақ сарбаздары оларды ішке кіргізбеді.

Оқи отырыңыз: "Қастер мен Мұрагердің" сотына жиналғандар үлкенірек зал беруді талап етті

Сейсенбі күні таңертең кешігіп басталған сотта екі куәгер: шекарашы Ибрагимов және "Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілі Бекзат Мақсұтханұлы куәгер ретінде сұралды. Мақсұтханұлының айтуынша, өткен жылы күзде Қазақстанға "қашып келгеннен кейін" екі жігіт "Атажұрт еріктілері" ұйымынан көмек сұраған. Қытайдың Тарбағатай облысы Дөрбілжін ауданынан келгенін айтқан екі жігіт онда мал сатумен айналысқанын, жағдайлары оңайлана бастағаннан кейін белгісіз себеппен полицейлердің қысым жасағанын айтқан.

- Оларды Қытайда ұрып-соққан. Қазан айында Қытай коммунистік партиясының мерейтойы өткеннен кейін саяси лагерьлерге қамайтындықтарын айтқан. Сол қысымнан қашып, екеуі осы жаққа қашып келуге мәжбүр болған, - деді Бекзат Мақсұтханұлы сотта.

2019 жылы қазан айының басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Олардың ісі бойынша сот 6 қаңтарда басталған. Бұған дейін адвокат Ләззат Ахатова Шыңжаңда қалған олардың туыстарына да Қытай билігі қысым жасағанын айтқан.

Оқи отырыңыз: "Ондаған белсенді, судьяға қарсылық және куәгер шекарашылар"

Осыған дейін Human Rights Watch және Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін "қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті" деп айыпталған шыңжаңдық екі жігітті Қытайға қайтармауға шақырған.

9 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде HRW Қазақстанның "Босқындар туралы" конвенцияны, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясын мақұлдағанын еске салып, оны "халықаралық құқықтық міндеттемелерді орындап, азаптауға ұшырауы мүмкін елге босқын мәртебесін сұрағандарды қайтармауға" шақырды.

Қазақстанның өз ішінде де бұған дейін белсенділер Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтармауды талап еткен.

Оқи отырыңыз: БҰҰ-ның адам құқығы комитетінен Қастер мен Мұрагерге араша сұрады

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Днепрде вирустан қайтыс болуы мүмкін адамдарға қабір қазып қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00
XS
SM
MD
LG