Accessibility links

Қырғызстан Қытайда тараған вирустан соң Үрімжіден ұшып келгендерді тексере бастады


"Манас" әуежайы. Көрнекі сурет.

Қырғызстан Қытайда тарап жатқан белгісіз жаңа вирустың таралуына қарсы шаралар қолдана бастады деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі 22 қаңтарда. "Манас" әуежайында денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-карантин пункт қызметкерлері Үрімжіден ұшып келгендерді тексеріп жатыр. Мекеменің баспасөз хатшысы Алия Курбанованың Азаттыққа айтуынша, Үрімжі-Бішкек бағыты бойынша рейстер күн сайын ұшады. Жолаушыларды қытайлық әуе компаниясы тасиды.

Қытайда Жаңа жыл мейрамының тойлануына байланысты 23 қаңтар мен 1 ақпан аралығында екі қала арасындағы рейстер уақытша тоқтайды.

21 қаңтарда Қытайдың денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық комиссиясы 13 провинцияда 440 адамның жаңа вирусты жұқтырғанын, 9 адамның көз жұмғанын хабарлады. Вирустың адамнан адамға тыныс алу жолдары арқылы тарау мүмкін екені де айтылды.

Комиссия төрағасының орынбасары Ли Бин 22 қаңтарда журналистерге Ухань қаласында жануарларды тасымалдауға тыйым салынғанын хабарлады. Дәл осы қаладан вирус тараған.

Осы аптада АҚШ-та бір адамның белгісіз вирусты жұқтырғаны анықталды. Бұл - АҚШ-та тіркелген бірінші оқиға. Вашингтон штатының тұрғыны 15 қаңтарда Ухань қаласынан Сиэтлге ұшып келген. 30 жастан асқан ер адам 19 қаңтарда дәрігерлерге көрінген. Оның жағдайы тұрақты. Өзге науқастардан бөлек жерде емделіп жатыр.

Вирустың қандай жолмен жұғатыны әзірге анықталмаған. Сарапшылардың сөзінше, вирус адамға жануарлардан жұғуы мүмкін, адамнан адамға жұғу мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. 19 қаңтарға дейін Ухань қаласында 198 адам ауырып, үш адам өлген. Тайландта бір, Жапонияда бір адамның вирус жұқтырғаны жайлы ақпарат тарады.

Әдетте короновирус пневмонияны қоздырады. Ауруды жеңілдететін әдістер болғанмен вирустың көзін жоятын амал табылған жоқ. Бұған дейін бұл дертке шалдыққан ондаған адам аурудан айығып, ауруханадан шыққан.

22 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың таралу мәселесін талқылайды.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Днепрде вирустан қайтыс болуы мүмкін адамдарға қабір қазып қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00
XS
SM
MD
LG