Accessibility links

Шыңжаңдағы туыстарының хабарсыз кеткенін айтқан тұрғын Қытай консулдығы алдында пикет өткізді


Марат Құрбанов Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында. 22 қаңтар 2020 жыл.

Шыңжаңдағы туыстарынан үш жылдан бері хабар ала алмай отырғанын айтқан Алматы тұрғыны Марат Құрбанов 22 қаңтарда Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Оның қолында "Қытайда жоғалды" делінген бірнеше туысының суреттері мен аты-жөндері, телефон нөмірлері жазылған плакат болды.

- Олармен байланыс ешқашан үзілген емес. Қазір мен оларға хабарлассам, алмайды. Бір ретте қарындасыма хабарласқан кезде телефонын басқа адам алып "ол жоқ" деп жауап берді. Қазір Қытай консулдығының өкілдері туыстарымның біріне хабарласып, олардың аман екеніне менің көзімді жеткізсін, - деді Марат Құрбанов Азаттық тілшісіне.

Консулдықтан "күзет" деген жазуы бар форма киген алты адам шығып, Марат Құрбановқа консулдық аумағынан әрі қарай "кетуге" кеңес берді. Азаттықтың түсірілім тобына консулдықты түсіруге тыйым салды. Аты-жөнін айтпаған адамдар Азаттық тілшілерінің оқиғадан хабар таратуына кедергі жасады. Бірақ консулдықтан Марат Құрбановтың арыз-өтінішін тыңдауға ешкім шықпады.

Қытайдың Алматыдағы консулдығынан шыққан бірнеше сақшы Азаттық тілшілеріне консулдық ғимаратын түсіруге тыйым салды. Алматы, 22 қаңтар 2020 жыл.
Қытайдың Алматыдағы консулдығынан шыққан бірнеше сақшы Азаттық тілшілеріне консулдық ғимаратын түсіруге тыйым салды. Алматы, 22 қаңтар 2020 жыл.

Сәлден соң оқиға орнына Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасының өкілі Рита Ерманова есімді қызметкер келіп, Марат Құрбановқа "пикеттің заңсыз екенін" ескертіп, "пикет өткізу үшін әкімдіктен рұқсат сұрау керек" екенін айтты.

Шамамен түскі 12-ден кете бере акция аяқталды. Марат Құрбанов үйіне кетті.

55 жастағы Марат Құрбанов Үрімжідегі туыстарының жағдайына алаңдап, бұған дейін де жалғыз адамдық пикет өткізген. Ізінше әкімшілік жазаға тартылған. Ол бұған дейін Азаттыққа Шыңжаңдағы туыстарын "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" қамаған болуы мүмкін деп айтқан.

Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы туыстарынан хабар ала алмай отырған Алматы тұрғыны пикет өткізді

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. 2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қытай билігі басында Шыңжаңда лагерьлер барын жоққа шығарып, кейін оларды "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған.

2018 жылдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр" деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Олардың кейбірі осыған ұқсас жалғыз адамдық пикет өткізген.

"Күйеуі Шыңжаңда қалған" әйел Қытай елшілігіне барды (20 қаңтар 2020 жыл).

"Күйеуі Шыңжаңда қалған" әйел Қытай елшілігіне барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:28 0:00

Қазан айының басында АҚШ "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деп" Қытайдың бірнеше компаниясы мен шенеунігіне санкция салған.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Халыққа 42 500 теңгеден гөрі вирус қауіпті екенін түсіндіру керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG